Мазмұны
Депрессия – күрделі эмоционалдық (аффективті) бұзылыс, бұл кезде ұдайы уайым, мұң, ашулану, фрустрация (тілектің мүмкіндікке сай болмауы), күштің болмауы адамның күнделікті өміріне теріс әсер етеді. Клиникалық депрессия апталар, айлар, жылдар бойы созылуы мүмкін.
Көпшілік адамдар өмірінің белгілі бір сәттерінде қысқа мерзімді депрессияның қандай да бір түрін басынан кешіреді.
Депрессияның пайда болуының нақты себептері белгісіз. Көптеген медик-ғалымдардың ойынша, ауру күйзелістен кейін мида химиялық өзгерістер нәтижесінде пайда болады. Тұқым қуалау бейімділігі де бар. Көбінесе, депрессияға осы факторлардың бірігуі апарады. Депрессия отбасында ешкімде мұндай бұзылыс болмаса да пайда болуы мүмкін. Депрессия кез келген адамда, тіпті, балада да пайда болуы мүмкін.
Келесі факторлар депрессияның пайда болуына ықпал етуі мүмкін:
· Белгілі бір аурулар, гипотиреозды қоса (қалқанша без қызметінің төмендеуі), қатерлі ісік, ұдайы ауырсынуға апаратын аурулар;
· Ұйқыдағы мәселелер (ұйқысыздық, түнгі үрейлі түстер);
· Алкогольді немесе есірткі заттектерге үйір болу;
· Кейбір дәрілерді тұтыну, мысалы, стероидтарды (преднизолон).
Депрессияға апаратын өмірдегі жиі күйзеліс жағдайлары:
· Сүйікті адаммен қоштасу;
· Емтихан тапсыра алмау;
· Жақын адамның қайтыс болуы немесе ауыруы;
· ажырасу;
· бала кездегі зорлық көру, немесе ата-ана жағынан назар қоюдың жетіспеуі;
· жұмысты жоғалту;
· әлеуметтік оқшаулану (жалғыздық), әдетте, егде жастағы адамдарда болады.
Депрессия өзін-өзі бағалауды бұзуы, өмірді нашарлатып, қоршаған ортадағы адамдардың өміріне зиян келтіруі мүмкін.
Депрессияға шалдыққан адамдар әдетте, өмірді күңгірт, көңілсіз күйде көреді. Көбінесе, науқас қандай да бір мәселенің немесе жағдайдың оң шешіміне сенбейді.
Депрессияның симптомдары:
· толқу, мазасыздық, ашушаңдық;
· қоршаған әлемнен аулақтану, оқшаулану;
· жәрдемсіздік және үмітсіздік;
· қажетсіздік, өзін жек көру немесе кінәлі сезіну;
· бұрын қанағаттану әкелетін күнделікті әрекетке қызығушылықты немесе қанағаттануды жоғалту;
· қандай да бір затқа зейін қоюдың қиындауы;
· тәбеттің өзгерісі, көбінесе, депрессияға салмақ қосу қосарланады;
· шаршау, энергияның жетіспеуі;
· ұйқтай алмау немесе тым көп ұйқтау;
· өлім немесе өзіне қол жұмсау туралы ойлар.
Депрессия сыртынан мұң сезімі емес, ызалану және айыптау секілді көрінуі мүмкін.
Егер депрессия аса ауыр болса, күрделі симптомдары, мысал, елестеу (жоқ заттар мен дыбыстарды шынайы қабылдау) және сандырақ пайда болуы мүмкін.
Дәрігер әдетте, аурудың симптомдары мен ұзақтығы туралы көбірек ақпарат алу үшін бірқатар сұрақтар қояды. Дәрігер психологиялық тестілерге жауап беруді ұсынады. Науқастың белгілі бір сұрақтарға жауаптары маманға дұрыс диагноз қоюға және депрессияның ауырлық дәрежесін анықтауға көмектеседі.
Депрессияға алып келген ауруды анықтау үшін кейде электроэнцефалография (мидың электр белсенділігін анықтау) қолданылады.
Депрессияны емдеуге кіреді:
· депрессияны туындатқан алғашқы себепті анықтау.
· Маманмен терапиялық әңгімелесу (психотерапия)
· антидепрессантарды – мидағы көңіл-күйді көтеруге жауап беретін өзіндік химиялық дәрілік құралдарды қабылдау. Депрессияға шалдыққан науқаста олар көңіл-күйді жақсартады, уайымды, үрейді, эмоционалдық ширығуды басады, психикалық белсенділікті арттырады, ұйқыны, тәбетті реттейді. Бұл препараттардың көпшілігі тиімді, бірақ, жанама әсері болады.
Егер депрессия шағын болса, емдеудің бір түрі ғана қажет болуы мүмкін. Депрессияның ауыр түріне шалдыққан адамдар емдеудің бірнеше түрінің бірігуіне мұқтаж болады. Сауығу үшін белгілі бір уақыт кетеді, бірақ, әдетте, сауығу емдеудің басынан бірнеше күн өткенде байқала бастайды.
Науқаста өзіне қол жұмсау ойлары пайда болса, басыңқылық және қарапайым әрекетті орындай алмау күшейгенде арнайы (психиатриялық) ауруханада емделу қажет болады.
Депрессияда кейбір науқастарға антидепрессанттарды қабылдаудан 2 апта өткенде жақсару пайда болады. Дегенмен, көптеген науқастарға жағдайдың жақсаруы және қайта ұстамалардың алдын алу үшін дәрілерді 4-9 ай қабылдау қажет болуы мүмкін.
· алкоголь немесе есірткі заттектерге үйір болудың басталуы
· денсаулықта мәселелер пайда болу ықтималдығы
· өзіне қол жұмсау
· себепсіз жылаудың жиі ұстамасы пайда болса.
· Қабылдайтын дәрі көмектеспейтіндей немесе, керісінше, жанама әсерінің туындайтындай болып көрінеді. Препаратты қабылдауды өздігінше тоқтатуға болмайды, мұндай шешімді дәрігер қабылдауы тиіс.
· Депрессияның қайта ұстамалары пайда болса.
· Депрессия жағдайы жұмысқа, мектепке, отбасына теріс әсер етеді.
· Өзіне немесе қоршаған адамдарға зиян әкелу ойлары пайда болса.
· Есту елестері пайда болса, қасында жоқ адамдардың дауысын есту орын алса.
Алкоголь немесе есірткі заттектерді қабылдаудан бас тартыңыз, себебі, бұл депрессияны ушықтырып, өзіне қол жұмсауға итермелеуі мүмкін.
Дәрігер тағайындаған дәріні қабылдаңыз. Дәрігерден дәрілердің мүмкін жанама әсері және бұл кезде не істеу қажеттігі туралы сұраңыз. Депрессияның ушығуының ерте сигналдарын танып үйреніңіз.
Келесі әрекеттер өзін жақсы сезінуге көмектесуі мүмкін:
· Дене белсенділігіне көбірек уақыт бөлу
· Ұйқының дұрыс тәртібін қадағалау
· Қанағаттану сезімін әкелетін қызметпен айналысу
· Сенетін адаммен әңгімелесу
· Өзіңізді бағалайтын, кең пейілді адамдардың арасында болу.
Ақпарат көзі: АҚШ Ұлттық денсаулық институттарының мәліметтер қоры:
http://www.nlm.nih.gov/medlineplus/
Материалды дайындағандар: Александр Корольков, HealthСity жобасының дербес үйлестірушісі; Салтанат Хишина, HealthСity жобасының дербес үйлестірушісі.
Редакциялық алқа:
Алмаз Шарман, медицина профессоры
Ләзат Ақтаева, м.ғ.д.
Шыңғыс Жұмағұлов, zdrav.kz порталының контент-менеджері.