Мазмұны
1 қадам. Жағдайды тез бағалау қажет. 1
Баланың өмірін құтқару қажеттігінен аулақ боларсыз деген ойдамыз, бірақ, бұл жалпы өмірде орын алуы мүмкін жағдай. Балалар қауіпті жағдайға жиі ұшырайды. Олар тамаққа қақалады, велосипедтен немесе түрлі қондырғылардан құлайды, қараусыз суға да ұмтылады.
Бұл сатылы нұсқаулық тұншығуда және қақалуда көрсетілетін алғашқы жәрдем көрсетудің негіздерін түсіндіреді. Сәбилер мен балаларға алғашқы жедел жәрдем көрсетудің дұрыс әдістемесін үйрену үшін бірнеше сағат бөліңіз. Бұл әрекеттерді орындау әдістемесі баланың жасына қарай ерекшеленеді, дұрыс орындамау балаға зиян келтіруі мүмкін.
1 қадам. Жағдайды тез бағалау қажет
Егер бала кенеттен жыламай немесе жөтелмей қалса, оның тыныс алу жолдарында бірнәрсе бөгет болған, сіз осы жағдайды жоюға көмектесуіңіз қажет. Бала анық емес дыбыс шығаруы немесе үнемі дыбыссыз аузын ашуы мүмкін. Баланың терісі ашық қызыл немесе көкшіл түс алуы мүмкін.
Егер бала жөтелсе немесе қақалса, оның тыныс алу жолдарын ішінара бөгет алған. Бұлай болса, бала жөтелуін жалғастырсын. Жөтел – жағдайды жоюдың аса тиімді тәсілі.
Егер бала тұрып қалған нәрсені жөтеліп, шығара алмаса, біреуден «103» телефоны арқылы «жедел жәрдемді» шақыруды өтініңіз, ал өзіңіз арқасын қағып, кеуде тұсын соққылауды бастаңыз (2-ші қадамды қараңыз).
Егер баламен өзіңіз ғана болсаңыз, алдымен, 2 минут бойы жәрдем көрсетіңіз, одан кейін, «жедел жәрдем» бригадасын шақырыңыз.
Ал басқаша жағдайда, егер баланың тыныс алу жолдары ісіну салдарынан бөгелгендігіне күмәніңіз болса, шұғыл түрде «жедел жәрдем» бригадасын шақырыңыз. Балада тамаққа немесе жәндіктің шағуына аллергиялық серпін болуы немесе қыспақ болуы мүмкін.
Сондай-ақ, балада жүрек ауруының жоғары қаупі болса, шұғыл түрде «жедел жәрдем» бригадасын шақыру қажет.
2 қадам. Тұрып қалған нәрсені арқадан қағып және іштің жоғарғы бөлігін басумен шығарып алуға тырысу қажет
Алдымен арқасын соққылаңыз.
Егер баланың есі қалыпты болса, бірақ, жөтеле, тыныс ала алмаса, немесе көгере бастаса, оның артына тізерлеп тұрыңыз. Бір қолыңызды оның кеудесіне диагональ бойынша қойып, балаға қолдау жасап, оны алға қарай еңкейтіңіз.
Баланың жаурынының ортасында екінші алақаныңыздың түбімен бірнеше соққы жасаңыз. Әр соққы тыныс алу жолдарының бітелуін жоюға бағытталуы тиіс.
Осындай бес соққы жасаңыз.
Одан кейін іштің жоғарғы бөлігін басуды бастаңыз.
Баланың артында тізерлеп тұрыңыз және қолыңызды оның белінің айналасында орналастырыңыз.
Бір немесе екі саусақпен баланың кіндігін табыңыз. Жұдырығыңызды түйіп, оны үлкен саусақ жағынан кіндік пен кеуденің төмен бөлігі деңгейінде ішіне қойыңыз.
Жұдырықты басқа қолмен жауып, ішті баса отырып, жоғары қарай бес тез басуды жасаңыз. Әр басу жеке орындалуы және бітелуді жоюға бағытталуы тиіс.
Арқаны қағу және іштің жоғары бөлігін соққылауды қайталаңыз.
Бес рет арқаны қағуды және бес рет ішті басуды алмастыра отырып, баланың тыныс алу жолдарын бітеген нәрсе шыққанға дейін немесе бала күшті жөтеле бастағанға дейін орындауды жалғастырыңыз.
Егер бала есін жоғалтса.
Егер тұншыққан бала есін жоғалтса, жүрек-өкпе реанимациясын жасау қажет. Балаға жасанды тыныс алуды орындау үшін келесі ұсыныстарды орындаңыз:
Баланы қатты жерге, арқасына жатқызыңыз. Оның кеудесінің жоғарғы бөлігінің қасында тізерлеп тұрыңыз. Бір қолыңыздың түбін оның кеуде қуысының ортасында орналасқан төсүйегіне қойыңыз. Басқа қолыңызды бірінші қолыңыздың үстінде орналастырыңыз. Саусақтарыңызды кеудеге тимейтіндей етіп айқастырыңыз немесе оларды жоғары көтеріңіз.
Баланың төссүйегі шамамен 5 см жылжыйтындай етіп, 30 рет басуды орындаңыз. Әр басудың арасында кеуде қуысы бастапқы күйіне келуі қажет.
Баланың аузын ашып, тұрып қалған нәрсені табуға тырысыңыз. Оны көріп тұрсаңыз, саусағыңызбен алыңыз.
Содан кейін екі жасанды дем беріңіз. Егер тыныс алу болмаса (кеуде қуысы көтерілмесе), 30 басудан тұратын циклді қайталап, затты алуға тырысыңыз, екі жасанды дем беріңіз. Осы циклді зат алынып, бала өздігінше тыныс алғанға немесе жәрдем жеткенге дейін қайталаңыз.