Жалпы ақпарат
Уретрит – несеп шығару каналы – үрпінің ісінуі және тітіркенуі (қабынуы). Үрпі (несеп шығару каналы) – организмнен несеп шығарылатын түтік.
Әйелдердің несеп-жыныс жүйесі
Ерлердің несеп-жыныс жүйесі
Әйелдер мен ерлердің несеп шығару жолдары үрпісінің ұзындығымен ғана ерекшеленеді.
Уретрит бактериялардан немесе вирустардан туындайды. Несеп шығару жолдарының инфекциясын туындатқан бактериялар (ішек таяқшасы) және жыныстық жолмен берілетін аурулар (хламидиоз, гонорея) да уретриттің себебі болуы мүмкін. Уретритті туындата алатын вирустарға – қарапайым герпес және цитомегаловирус жатады.
Басқа себептері:
· Жарақаттар
· Ұрықтандыруға қарсы құралдарда: кремдер, көбіктер, т.б. қолданылатын химиялық заттектерге асқан сезімталдық.
Уретриттің қауіп факторлары:
· Бала өрбіту жасындағы әйелдер
· 20 – 35 жастағы ерлер
· Жыныстық қатынастағы серіктестердің көптігі
· Жоғары қауіпті жыныстық қатынас (мысалы, анальдық, презервативсіз)
· жыныстық жолмен берілетін аурулардың болуы.
Ерлерде :
- несепте немесе шәуетте қанның пайда болуы
- несеп шығаруда күйдіретін ауырсынудың пайда болуы (дизурия)
- жыныстық мүшеден бөлінді шығуы
- қызба (сире)
- несеп шығуының жиілеуі
- пенистің немесе шаптың аумағының қышуы, ауырсынуы немесе ісінуі
- жыныстық қатынас кезінде немесе эякуляция кезіндегі ауырсыну.
Әйелдерде :
- іштің ауырсынуы
- несеп шығаруда күйдіретін ауырсынудың пайда болуы
- қызба және қалтырау
- несеп шығуының жиілеуі
- жамбас қуысын аумағындағы ауырсыну
- іншектен (қынаптан) бөлінді шығуы.
Дәрігер немесе медбике науқасты қарайды. Ерлерде іштің, несепқаптың, пенистің, ұманың аумағын қарайды. Қарау кезінде анықталуы мүмкін:
- жыныстық мүшеден бөлінді шығуы
- шаптың аумағындағы ауырсынған және үлкейген лимфа түйіндері
- ауырсынатын және ісінген жыныстық мүше.
Сондай-ақ, дәрігер саусақпен ректальдық зерттеу жүргізеді.
Әйелдерде іштің және жамбас қуысының аумағын қарайды. Дәрігер келесілердің болуын тексереді:
- үрпіден бөлінділер шығуы
- іштің төменгі бөлігінің ауырсынуы
- үрпінің ауырсынуы.
Сондай-ақ, дәрігер несепқапты ұшында камерасы бар түтіктің көмегімен қарайды. Бұл цистоскопия аталады.
Келесі тексерулер өткізіледі:
- қанның жалпы талдауы (ОАК)
- С-реактивті ақуызды анықтау
- Жамбас қуысы ағзаларының УДТ (УЗИ) (әйелдер үшін)
- Жүктілікке тест (әйелдер үшін)
- Несептің жалпы талдауы және несептің бактериалдық өсіндісін зерттеу
- гонорея, хламидиоз, т.б. жыныстық жолмен берілетін инфекцияларға тексеру.
Уретритті емдеудің мақсаты:
- инфекцияның себебін жою
- аурудың симптомдарын жеңілдету
- инфекцияның таралуының алдын алу.
Инфекция болса, антибиотиктер тағайындалады.
Сондай-ақ, қараңыз:
- Хламидиоз
- Гонорея
Ауырсынуды басатын препараттар, оның ішінде, стероидты емес қабынуға қарсы препараттар немесе Феназопиридин (Пиридиум) тағайындалуы мүмкін, ол антибиотиктермен қатар несеп шығару жолдарында әрекет етеді.
Уретритке шалдыққан адамдар емделетін кезде жыныстық қатынасқа түспеуі немесе презерватив қолдануы тиіс. Егер қабынудың себебі инфекция болса, жыныстық серіктесіңіз де емдеу курсынан өтуі тиіс.
Жарақаттан немесе химиялық тітіркендіргіштердің салдарынан уретритке шалдыққан адамдарға жарақат немесе тітіркендіргіштерден алшақ болу қажет.
Антибиотиктермен емделгеннен кейін өтпейтін және 6 аптаға дейін созылатын уретрит – созылмалы аталады. Бұл мәселені емдеу үшін түрлі антибиотиктер қолданылады.
Дұрыс анықтап, емдегенде уретрит әдетте, аса асқынусыз өтеді.
Дегенмен, уретрит әйелдермен қатар ерлерде де үрпінің (үрпінің бітелісі) және басқа несеп-жыныстық ағзалардың қайтымсыз зақымдануына апаруы мүмкін.
Ерлерде уретрит келесі асқынулар пайда болуымен қауіпті:
- Несеп қаптың қабынуы (цистит)
- Эпидидимит
- Аталық бездің қабынуы (орхит)
- Қуық асты безінің қабынуы (простатит)
Ауыр инфекциядан кейін үрпінің тарылуы пайда болуы мүмкін.
Әйелдерде уретрит келесі асқынулар пайда болуымен қауіпті:
- Несеп қаптың қабынуы (цистит)
- Цервицит (жатырдың мойнының сілемей қабатының қабынуы)
- Жамбас қуысы ағзаларының қабыну аурулары (жатырдың, оның түтіктерінің немесе аналық бездің сілемей қабатының қабынуы).
Уретриттің симптомдары болса, дәрігерге көріну қажет.
Уретриттің кейбір симптомдары жеке гигиенаны қадағалау және қауіпсіз жыныстық қатынас (тек бір жыныстық серіктес, презерватив қолдану) арқылы жойылуы мүмкін.
Үрпілік синдром; гонококктық емес уретрит.
Ақпарат көзі: АҚШ Ұлттық денсаулық институттарының мәліметтер қоры: http://www.nlm.nih.gov/medlineplus/ency/article/000439.htm
Аудармашы: Асель Стамбекова, HealthСity жобасының дербес үйлестірушісі
Редакциялық алқа:
Алмаз Шарман, медицина профессоры
Ләзат Ақтаева, м.ғ.д.
Сәлім Смайылов, б.ғ.к.