Мазмұны
Плацентаның алда жатуы – жүктілік кезінде пайда болатын, плацентаның жатырдың төменгі бөлігінде оның ішкі аңқасының аумағын толық немесе ішінара қамтумен орналасуымен сипатталатын дерт.
Жүктілік кезінде плацента өседі және даму үстіндегі баланы қорғайды. Жатырдың ішкі аңқасы деп босану жолдарының бастапқы бөлімін атайды.
Жатырдың анатомиясы
Жатыр – әйелдің репродуктивтік жүйесінің бөлігі. Ол - ұрықтың дамуы өтетін, алмұрт пішінді қуыс ағза. Жатыр жамбас қуысында, несеп қап пен тік ішектің арасында орналасқан.
Жатырдың төменгі тарылған тұсында мойны орналасқан. Жатырдың мойыннан жоғары орналасқан кең бөлігі жатырдың денесі аталады. Күмбез тәрізді жоғарғы бөлігі жатырдың түбі аталады. Жатыр түтіктері - жатырдың екі жағында орналасқан өсінділері. Олар аналық бездермен аяқталады.
Жатырдың қабырғасы екі қабаттан тұрады. Ішкі қабаты эндометрий аталады. Жатырдың сыртқы қабаты бұлшық еттен тұрады және миометрий аталады.
Бала өрбіту жасындағы әйелдерде әр ай сайын эндометрийдің қалыңдауы өтеді, бұл жатырдың жүктілікке дайындығымен байланысты. Егер жүктілік орнамаса, эндометрийдің қалың сыртқы қабаты ажырайды және қынап арқылы қан ұйындысымен бірге сыртқа шығады. Бұл етеккір аталады.
Плацентаның алда жатуының себептері
Жүктілік кезінде жатыр қуысында плацентаның өсуі және жылжуы болады. Жүктіліктің басында өте жиі түрде плацента жатырдың төменгі бөлімдерінде орналасады. Бірақ, жүктілік дамыған сайын ол жоғарғы бөліктерге көтеріле бастайды. Үшінші кезеңде плацента толығымен жатырдың жоғарғы бөлімінде болуы тиіс, бұл кезде жатыр мойнының ашылуы және босануға дайындығы жүреді.
Кейде плацента ішінара немесе толығымен жатырдың ішкі аңқасын жауып тұрады. Осы плацентаның алда жатуын білдіреді.
Плацентаның алда жатуының бірнеше түрі бар:
- Маргиналдық алда жатуы (шекаралық): Плацента ішкі аңқаның шетіне жақын орналасқан, бірақ, оны жаппайды.
- Ішінара: Плацента ішкі аңқаны ішінара жабады.
- Толықтай: Плацента ішкі аңқаны толығымен жабады.
Плацентаның алда жатуы 200 жүктілік жағдайының бірінде кездеседі. Ол көбінесе келесі әйелдерде кездеседі:
- Жатырдың ауытқулы түрімен
- Алдыңғы көптеген жүктілігі болған
- Көп ұрықты жүктілік (егіз, үшем, т.б.)
- Хирургиялық араласуға, Кесарь тілігіне, алдыңғы жүктіліктер немесе жасанды түсікке байланысты жатырдың сілемей қабатында тыртығымен.
Сондай-ақ, плацентаның алда жатуының жоғары қаупіне темекі шегетін әйелдер және жасы үлкен әйелдер бейім.
Плацентаның алда жатуының негізгі симптомы – іншектен (қынаптан) қан кетуі. Кейбір әйелдерде, сондай-ақ, шаншу қадалуы мүмкін. Қан кетуі әдетте, екінші немесе үшінші кезеңнің басында пайда болады.
Қан кетуі ауыр болуы мүмкін. Ол өздігінше тоқтауы мүмкін, бірақ, бірнеше күннен немесе аптадан кейін қайталануы мүмкін.
Кейде бірнеше күн күшті қан кетуден кейін босану басталуы мүмкін. Кейбір жағдайда қан кетуі босану басталғанға дейін пайда болмауы мүмкін.
Дәрігер жүктілік кезінде УДТ (УЗИ) жүргізу арқылы бұл жағдайы анықтайды.
Емдеуші дәрігер қан кетуінің қаупін және сәбидің мерзімінен бұрын туылу қаупінің пайда болуын мұқият бағалауы тиіс. Баланың 36-шы аптадан кейін туылуы бұл жағдайды емдеудегі оңтайлы нұсқасы.
Плацентаның алда жатуы бар әйелдердің барлығына дерлік Кесарь тілігі ұсынылады. Егер плацента жатырдың ішкі аңқасын толығымен немесе ішінара жабатын болса, табиғи жолдар арқылы босану күшті қан кетуін туындатуы мүмкін. Ол ана мен балаға аса қатерлі болуы мүмкін.
Егер плацента жатырдың ішкі бөлігінің қасында немесе оны жабатын болса, дәрігер ұсынуы мүмкін:
- Дене жүктемесін шектеу
- Төсек тарту
- Жыныстық қатынасқа түспеу, тампон мен бүркуді қолдануға тыйым салу
Іншекке (қынапқа) бірнәрсе қоюға тыйым салынады.
Ана мен баланың жағдайын мұқият қадағалау үшін ауруханаға жатқызылуы мүмкін.
Емдеудің басқа әдістері:
- Қан құю
- Мезгілінен бұрын босанудың алдын алу үшін дәрілік препараттар
- Жүктілікті 36 аптаға дейін созуға көмектесетін дәрілік препараттар
- Ана мен ұрықтың резус-қайшылығы болуында қолданылатын дәрілік препараттың инъекциялары
- Баланың өкпесін дамытуды үдететін стероидтық препараттардың инъекциялары
Ауыр және бақыланбайтын қан кетуінде шұғыл түрде Кесарь тілігі қажет болуы мүмкін.
Күшті қан кетуі ана мен баланың өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Күшті қан кетуінде өкпе секілді негізгі ағзалары қалыптасып үлгергенге дейін баланы алу үшін шұғыл Кесарь тілігін жасау қажет болады.
Жүктілік кезінде іншектік (қынаптық) қан кетуі пайда болса, дәрігерге көрініңіз. Плацентаның алда жатуы ана мен баланың өміріне бірдей қауіпті болуы мүмкін.