Бұл дегеніміз не?
Кластерлік бас ауыруы – бастың бір жағын зақымдайтын, қайталанатын ауырсыну. Олар айналып келіп, кенеттен пайда болады және күшті, қажытатын ауырсынуды туындатады, көз жасы ағуымен, мұрын ағуымен қосарлануы мүмкін (ринореямен) бастың зақымданған жағында. Олар күнделікті бір уақытта, біренше апта бойы қайталанады, содан кейін басылып, бірнеше аптадан, айдан, тіпті, жылдан кейін қайтадан пайда болуы ықтимал.
Кластерлік бас ауыруының себебі белгісіз, алайда, олардың пайда болуы гистаминнің және серотониннің босатылуымен қосарлануы анықталған. Сондай-ақ, кластерлік ауырсыну көбінесе, темекі шегетін адамдарда байқалатындығы белгілі. Сақинадан айырмашылығы – олар көбінесе, әйелдерге қарағанда ерлерде жиі байқалады. Кластерлік ауырсынулар кез келген жаста пайда болуы мүмкін, бірақ, көбінесе, жасөспірімдік және орта жастың арасында. Отбасылық бейімділік анықталмаған. Алкоголь ішу, күйзеліс және белгілі тағам өнімдерін тұтыну кластерлік ауырсынудың пайда болуына ықпал етуі мүмкін.
Симптомдары
· Бас ауыруы:
- ұдайы және жіті,
- күшті және қажытатын,
- кенеттен басталады, әдетте, ұйқыға кеткеннен кейін 2-3 сағат өткенде.
- ушығып, 5-10 минут ішінде шыңына жетеді, бұл жарты сағаттан 2 сағатқа дейін жалғасады.
- әдетте, бастың бір жағын зақымдайды, негізінен, беттің мойыннан самайға дейінгі бөлігін зақымдайды.
- көздің ішінде немесе айналасында сезіледі.
· Беттің қызаруы.
· Көздің алдындағы және маңайындағы ісіну (әдетте, бір көздің астында).
· Бас ауыруы шоғырланған жақтағы көзден жас ағуы.
· Көздің қызаруы (бас ауыруы шоғырланған жақтағы)
· Бастың зақымданған жағындағы мұрынның бітелуі немесе ағуы.
Диагностика. Әдетте, диагноз симптомдарды талдау негізінде қойылады. Кластерлік бас ауыруын басқа күрделі аурулардан айыру маңызды, мысалы, мидың ісіктері. Бұл жағдайда компьютерлік томография және ядерлік-магниттік резонанс секілді әдістер көмектеседі.
Емдеу. Кластерлік бас ауыруын емдеу құралы болмағанымен, дәрілердің көмегімен ауырсынудың жиілігін және ұзақтығын азайтуға болады. Емдеудің мақсаты – симптомдарды жеңілдету. Кейде ауырсыну өздігінше өтеді. Ауырсынуды басатын дәрілер әдетте көмектеспейді, немесе баяу әсер етеді. Оттегіні қабылдау ауырсыну сезімін жеңілдетеді, әсіресе, түнде байқалатын ауырсынуды.
Дәрлік препараттардан эрготамин тобы препараттарының тиімділігі көрсетілген. Алайда, олар күрделі жанама әсерді туындатуы мүмкін. Сондай-ақ, антигистаминділер, индометацин (диклофенак), амитриптилин, верапамил, пропранолол, т.б. препараттар тиімді болуы мүмкін.
Алкоголь ішуді және темекі шегуді қою маңызды. Сондай-ақ, кластерлік ауырсынуды туындататын тағам өнімдерін тұтынбау қажет. хирургиялық емдеу ұсынылмайды.
Мүмкін асқынулары. Кластерлік бас ауыруы өмірге қауіп төндірмейді, алайда, олар созылмалы болады, ыңғайсыздық туындатып, жұмысқа қабілетке және өмір салтына теріс әсер етуі мүмкін. Кейде кластерлік бас ауыруы күшті болатыны соншалық, өзіне қол жұмсау ойларын туындатуы мүмкін. Сондай-ақ, науқастар қабылдауға мәжбүр болатын дәрілік препараттардың жанама әсерін де атау қажет.