Мазмұны

Жалпы ақпарат

Себептері

Симптомдары

Диагностика

Емдеу

Аурудың болжамы

Мүмкін асқынулары

Қашан дәрігерге көріну қажет

Алдын алу


Жалпы ақпарат

Эпилепсия – құрысу ұстамаларымен (бұлшық еттің еріксіз жиырылуы) қосарланатын мидың белсенділігінің бұзылысы. Ауруға қайталанатын ұстамалар тән. Бұл ұстамалар дененің қандай да бір бөлігінің қысқа мерзімді еріксіз құрысуы түрінде (парциалдық құрысу) немесе бүкіл дене бойы (жалпы құрысу) және кейде естен танумен және ішек немесе қуық қызметін бақылауды жоғалтумен қосарланады.

Бұл көріністер ми жасушалары тобында артық электр зарядтарының нәтижесі. Мұндай зарядтар мидың түрлі бөліктерінде пайда болуы мүмкін. Ұстамалар естегі аздаған жоғалту немес бұлшық ет түйілуі, немесе ауыр, ұзақ конвульсия ретінде болады. Ұстамалар жиілігі бойынша ажыратылады, жылына бір реттен сирек немесе күніне бірнеше рет болуы мүмкін.

Epilepkz

Ми бірнеше бөлімнен тұрады. Аралық ми мен үлкен жарты шармен түзілетін алдыңғы ми, ортаңғы ми, артқы ми (оған жұлын мен миды, көпір мен мишықты қосатын сопақ ми кіреді). Ми адамның барлық ағзаларының жұмысын бақылайды және басқарады. Жарты шар қызметімен адамды жануардан ерекше ететін үрдістер байланысқан: сана, ес, ойлау, сөйлеу, еңбек ету қызметі.

_


Себептері

Эпилепсия кез келген жаста пайда болуы мүмкін, бірақ, көбінесе, 5 - 20 жас аралығында болады. Әдетте, науқастарда эпилепсиямен ауырудың отбасылық тарихы болады.

Эпилепсия мидың ауруы немесе зақымдануы нәтижесінде, кейде белгісіз себепті пайда болуы мүмкін.

Эпилепсияның кең таралған себептері:

  • мидың туа біткен мәселесі (мидың туа біткен ақауы)
  • Мидың босану кезіндегі жарақаты
  • Заттек алмасуының туа біткен бұзылыстары (мысалы, фенилкетонурия)
  • бассүйек-ми жарақаты
  • Инфекциялар, оның ішінде, мидың абсцессі, менингит, энцефалит, ЖИТС(СПИД)
  • Инсульт
  • мидың ісігі
  • мидағы ақаулы қантамырларының болуы
  • ми тінінің зақымдануына немесе бұзылуына апарған басқа ауру
  • кейбір дәрі препараттарын қолдану, оның ішінде, антидепрессанттар, кокаин, амфетамин
  • Деменция (қарттық естен адасу), Альцгеймер ауруы



Өзгерістер нәтижесінде мидың тінінде жоғары қозғыштық ошағы қалыптасады, ми бүкіл денеге жалған сигнал (импульстер) жібереді. Бұл кезеңді, болжанбайтын эпилепсия ұстамасына апарады.

Жалғыз құрысу ұстамасы, әдетте, науқаста эпилепсия болуын білдірмейді.


Симптомдары

Эпилепсия симптомдары әр түрлі көрініс беруі мүмкін. Кейбір адамдарда эпилепсия ұстамасы құрысумен, ал басқаларда бір нәрсеге шоғырлана алмайтын және көзқарасының мәнсіз болуымен қосарланады. Ұстаманың түрі мидың қай бөлігінің зақымдануына және эпилепсияның себебі болуына байланысты.

Көптеген жағдайларда эпилепсия ұстамасы бұрын болғандарына ұқсас. Ұстама алдында кейбір науқастар өздерін жағымсыз сезінеді, мысалы, өткір түсініксіз иіс, шаншу, көңіл-күй өзгерісі болады. Қоршаған ортасындағылар адамның мінез-құлығы күрт өзгеруін байқауы мүмкін: қарауы өзгеріп, мазасыз, сілейген күйде болуы мүмкін.


Диагностика

Дәрігер науқасты қарайды, ми мен жүйке жүйесінің жағдайын бағалау үшін бірқатар талдау өткізеді:

· электроэнцефалография (ЭЭГ) – мидың электр белсенділігін бағалау әдісі. Эпилепсия кезінде ақаулы электр белсенділігі анықталады. Кейбір жағдайда эпилепсия ұстамасы басталатын аумақ анықталуы мүмкін. Кейде ми қалыпты көрінеді, егер ұстамадан кейін біраз уақыт өтсе.

Кейде дәрігер мидың электр белсенділігін жазу үшін бірнеше күн немесе апта бойы электроэнцефалограф алып жүруді тағайындайды.

Бейнеэлектроэнцефалография жүргізу үшін (бейне-аспап көмегімен) арнайы ауруханаға жатқызу қажет болуы мүмкін.

· Компьютерлік томография (КТ) немесе магниттік-резонанстық томография (МРТ) –мәселенің мидағы орналасуы мен себебін анықтау үшін.

Қажет болса, басқа ауруларды ескеру үшін дәрігер инфекциялық аурулар болуына тест және жұлын пункциясын (жұлын каналынан жұлын сұйықтығын алу, бел тұсынан) өткізуі мүмкін.


Емдеу

ҰСТАМА КЕЗІНДЕ НЕ ІСТЕУ ҚАЖЕТ?

· Құрысу қимылдарын күштеп ұстауға тырыспау;

· Тісін ажыратуға тырыспау;

· Жасанды тыныс алу немесе жүрек массажын жасамау, ұстамаға ұшыраған адамды тегіс жерге жатқызып, басының астына жұмсақ нәрсе қою қажет;

· Адамды ұстама болған жерден қозғамау, тек өмірге қауіпті болмаса;

· Тілдің кептелуінің және сілемейдің тыныс алу жолдарына түсуінің алдын алу үшін жатқан науқастың басын бір жағына бұру қажет, ал құсу пайда болған жағдайда бүкіл денесін абайлап бір жағына бұру қажет.

Ұстама аяқталғаннан кейін адам өзіне келіп, тыныштанып, ұйқысын қандыруы қажет. Ұстамадан кейін көп жағдайда естің қалыпты болмауы және әлсіздік пайда болуы мүмкін, адам өздігінше тұрғанға дейін біраз уақыт өтуі тиіс (әдетте, 5-30 минут).

Бірінің соңынан бірі келетін бірнеше үлкен құрысу ұстамалары ерекше қауіпті. Мұндай жағдай эпилепсиялық статус аталады. Ол өмірге қауіпті, себебі, науқастың тыныс алуы тоқтауы және тұншығудан өлімге ұшырауы мүмкін. Эпилепсиялық статус – эпилепсияға шалдыққан науқастың өлімінің негізгі себебі және шұғыл медициналық жәрдемді қажет етеді.

Эпилепсияны емдеуге дәрілерді ұзақ қабылдау және хирургиялық араласу кіреді.

Құрысуға қарсы дәрілік препараттар (антикольвунсанттар) алдағы ұстамаларды азайтуы мүмкін. Бұл дәрілер ішуге арналған, дәрінің түрі эпилепсиялық науқас зардап шегетін ұстаманың түріне байланысты.

Препаратты және мөлшерлемесін жеке таңдау жасалады. Көбінесе, мүмкін жанама әсерін ескеру үшін қан талдауы өткізіледі. Дәрілерді әрдайым дәрігердің нұсқауы бойынша қабылдау қажет, оны тоқтату ұстамаға апаруы мүмкін. Дәрігермен ақылдасқаннан кейін ғана дәрі қабылдауды тоқтатуға болады.

Эпилепсияға шалдыққан жүкті әйелдер емдеу курсын өзгерту үшін дәрігерге жүктілігін ескертуі қажет, себебі, дәрілер ұрықтың дамуында ақаулар туындатуы мүмкін.

Ұстаманың алдын алу үшін бірнеше дәрілік препараттар қабылдағанда өтпейтін эпилепсия «медициналық рефракторлық (көнбейтін)» аталады.

Эпилепсиялық ұстамалар ісіктен, ақаулы қантамырларынан немесе мидағы қан кетуінен туындаса, хирургиялық араласу қолданылады.

Кейбір науқастарға эпилепсиялық ұстамаларды тоқтату үшін өзгерген ми жасушаларын жою үшін хирургиялық араласу қолданылады.

Көбінесе, дәрігерлер кезеген нервтің (бассүйек-ми нерві) ынталандырғышын орнату бойынша операцияны ұсынады, бұл аспап кардио-ынталандырғыш секілді жұмыс істейді және ұстамалар санын азайтуы мүмкін. Кезеген нервтің (бассүйек-ми нерві) ынталандырғышы ұдайы жұмыс істейді, миға ұдайы шағын электр импульстерін жібереді және ұстаманы туындататын дертті электр белсенділігінің алдын алуға көмектеседі.

Кейде балаларды арнайы емдәмге көшіреді, ұстамалардың алдын алу үшін. Ең белгілісі – кетогенді емдәм (майлардың мөлшері көп және көмірсулардың мөлшері төмен арнайы емдәм).

Көрсетілген емдәм ересектерде ұстама пайда болуының алдын алу үшін тиімді болуы мүмкін.

Өмір салтын немесе тағайындалған дәрілерді өзгерту эпилепсиялық ұстамаларға апаруы мүмкін, мұндайда дәрігермен кеңесіңіз, егер Сіз:

· Жаңа дәрілерді, дәрумендерді немесе тағамдық қоспаны қабылдағыңыз келсе

· Күшті көңіл-күй күйзелісіне ұшырасаңыз

· Ауырсаңыз, әсіресе, егер ауру инфекциялық болса

· Ұйқыңыз қанбаса

· Жүкті болсаңыз

· Эпилепсияға қарсы препаратты қабылдауды жіберіп алсаңыз

· алкоголь тұтына бастасаңыз.


Аурудың болжамы

Көптеген жағдайда жалғыз ұстамадан кейін болжамы – оң. Дәрімен емдеу 70% жағдайда адамды ұстамадан толығымен құтқарады. 20—30% жағдайда ұстамалар жалғасады, мұндай жағдайда көбінесе, бірнеше құрысуға қарсы препаратты қабылдау қажет болады.

Дәріні қабылдаудың оң нәтижесі болмаса, хирургиялық операция тағайындалуы мүмкін.


Мүмкін асқынулары

· қабылдайтын препараттардың жанама әсері

· құлаудан, соқтығудан бір жерін соғып алуы, тістеуден зақымдану

· ұстама кезінде тамақтың немесе сілемейдің тыныс жолына түсуі, бұл аспирациялық пневмонияға апаруы мүмкін

· мидың қайтымсыз зақымдануы.


Қашан дәрігерге көріну қажет

Жедел жәрдемге хабарласыңыз:

· Егер адамда эпилепсия ұстамасы алғаш рет болса

· Бөгде адамның эпилепсия ұстамасына куә болсаңыз

Егер бұрын ұстамасы болған адамда ұстама болса, келесі жағдайда жедел жәрдемге хабарласыңыз, егер:

· Ұстама әдеттегіден ұзақ болса, немесе олардың саны жиі болса.

· Бірнеше минутта бірнеше ұстама болса.

· Бірнеше эпилепсия ұстамасы болғаннан кейін адам есін жинамаса.

Дәрігерге хабарласыңыз, егер эпилепсиядан зардап шегетін болсаңыз және сізде жаңа симптомдар пайда болса, қабылдайтын жаңа дәрілерден келесі мүмкін жанама әсерлерді қоса: жүрек айнуы, құсу, терідегі бөріткен, шаштың түсуі, қол-аяғының дірілдеуі, бұлшық еттің өзіне тән емес жиырылуы немесе қозғалудағы бұзылыстардың байқалуы.

Егер эпилепсия ұстамасының куәсі болсаңыз

· Науқастың құрысу қимылын күштеп ұстауға тырыспаңыз;

· Мүмкіндігінше, адамды тегіс жерге жатқызыңыз, басының астына жұмсақ бір нәрсе қойыңыз, жағасын шешіп, тар киімін босатыңыз;

· Тілдің кептелуінің және сілемейдің тыныс алу жолдарына түсуінің алдын алу үшін жатқан науқастың басын бір жағына бұру қажет, ал құсу пайда болған жағдайда бүкіл денесін абайлап бір жағына бұру қажет;

· Жедел жәрдемді шақырыңыз.


Алдын алу

Ғылымға эпилепсияның пайда болуының алдын алудың 100 пайыздық тәсілі әлі белгісіз. Дегенмен, эпилепсия ұстамасының алдын алу үшін ұсынылатын еңбек үрдісін, тағайындалған емдәмді, дене белсенділігін, күн тәртібін қатаң сақтауды дұрыс қадағалау қажет. Тамақта тұз және су мөлшерін шектеу қажет. Спиртті ішімдіктер мен темекі шегуден алшақ болу міндетті.


Ақпарат көзі: АҚШ Ұлттық денсаулық институттарының мәліметтер қоры: http://www.nlm.nih.gov/medlineplus/

Материалды дайындағандар: Асель Стамбекова, HealthСity жобасының дербес үйлестірушісі; Екатерина Шумарева, HealthСity жобасының дербес үйлестірушісі.

Редакциялық алқа:

Алмаз Шарман, медицина профессоры

Ләзат Ақтаева, м.ғ.д.

Шыңғыс Жұмағұлов, zdrav.kz порталының контент-менеджері.