Мазмұны

Жалпы ақпарат

Симптомдары

Дәрігерге қашан көріну қажет

Науқас не істей алады

Дәрігерге барудан нені күтуге болады

Тексерудің көрнекілік әдістері

Емдеу

Оперативтік емдеу


Жалпы ақпарат

Легга-Кальве-Пертес ауруы балалық жаста пайда болады және ұршықбуынның аумағында (жамбастағы буын) және ортан жіліктің (жамбас сүйегінің буыны) басының зақымдануымен сипатталады.

Легга-Кальве-Пертес ауруы ортан жіліктің басындағы қан айналымының уақытша бұзылысында пайда болады. Қан ағымы бұзылған кезде тіндердің тіршілігі жойылады, бұл ортан жіліктің басының сынуына және нашар жазылуына апаруы мүмкін.

Ортан жіліктің басын буынның аумағында ұстап тұру үшін дәрігерлер емдеудің әр түрлі әдістерін қолданады.


Симптомдары

  • Ақсау

  • Санның, шаптың немесе тізенің аумағындағы ауырсыну немесе қозғалмауы

  • Ұршықбуынның қимылының ауқымының шектелуі


Легга-Кальве-Пертес ауруы әдетте тек бір жамбасты зақымдайды. Кейбір балаларда екі жамбасы да зақымдануы мүмкін, бірақ, бұл әр түрлі уақытта болады.


Дәрігерге қашан көріну қажет

Егер бала ақсайтын болса немесе жамбасындағы, шаптың аумағындағы немесе тізесіндегі ауырсынуға шағым айтса, дәрігерге көрсету қажет. Егер балада қалтырау болса немесе аяғына тұра алмаса, шұғыл түрде медициналық көмекке жүгініңіз.

Легга-Кальве-Пертес ауруы ортан жіліктің басындағы қан айналымының шектелуінде пайда болады. Қанмен қамтамасыз ету сәйкес болмаса, сүйек морт сынғыш болып, жеңіл сынады. Мұндай сынықтар нашар жазылады. Ортан жіліктің басындағы қан айналымының уақытша төмендеуінің себебі белгісіз.

Аурудың пайда болуының қауіпті факторлары:

  • Жас. Легга-Кальве-Пертес ауруы кез келген жаста пайда болуы мүмкін, бірақ, 4-8 жастағы балалардың арасында жиі кездеседі.

  • Баланың жынысы. Легга-Кальве-Пертес ауруы қыздарға қарағанда ұлдарда бес есе жиі кездеседі.

  • Нәсіл. Басқа нәсілдерге қарағанда ақ нәсілді балалар осы аурудың дамуына бейім.

  • Отбасылық анамнез. Аздаған жағдайда ауру бір отбасының мүшелерінде кездесуі мүмкін.


Легга-Кальве-Пертес ауруына шалдыққан балалар ересек шақта артриттің дамуының жоғары қаупіне ұшырайды, әсіресе, егер ұршықбуын қалыпты түрде жазылмаған болса. Егер жазылғаннан кейін жамбас сүйектері бір-бірімен дұрыс буындаспаса, бұл ұршықбуынның ерте тозуына апаруы мүмкін. Түбінде мұндай науқастардың ұршықбуынына эндопротез жасау қажет болуы мүмкін.

Легга-Кальве-Пертес ауруы 6 жастан кейін анықталған балалар ұршықбуынның мәселелерінің дамуына бейім. Баланың жасы кіші болған сайын ұршықбуынның қызметін қалпына келтіру мүмкіндігі жоғары келеді.

Ауру жөнінде алдымен педиатрға шағымдануыңыз мүмкін. Ауруды алғаш байқап, қарағаннан кейін баланы балалардың сүйегінің мәселелеріне маманданған дәрігерге (педиатр - ортопед) бағыттайды.



Науқас не істей алады

Дәрігерге көрінудің алдында келесі сұрақтарға жауап беру қажет:

  • Аурудың симптомдары қашан пайда болған?
  • Орналасуын өзгерткенде немесе аяқты қозғағанда ауырсыну күшейеді ме?
  • Баланың туыстарының балалық жасында осындай симптомдар болған ба?
  • Баланың басқа аурулары бар ма?
  • Бала қандай дәрілерді немесе тағамдық қоспаларды ұдайы қабылдайды?



Дәрігерге барудан нені күтуге болады

Дәрігер келесі бірнеше сұрақты қояды:

  • Бала не нәрсеге шағымданады?
  • Бұл симптомдар соңғы кезде күшейген бе?
  • Аурудың симптомдарының уақытша жақсарғанын байқайсыз ба?
  • Баланың белсенділігі қандай?
  • Бала жамбастағы ауырсынуды жарақатпен байланыстыра алады ма?
  • Ауырсыну бар болса, қай тұста көбірек сезіледі?
  • Қозғалғанда ауырсыну күшейеді ме?
  • Қозғалмаса, жайсыздық жеңілдейді ме?


Медициналық тексеру кезінде дәрігер баланың аяқтарын түрлі бағытта қозғайды, бұл қимылдың ауқымын тексеру және аяқтың қандай орналасуында ауырсыну пайда болатындығын білу үшін қажет.


Тексерудің көрнекілік әдістері

Легга-Кальве-Пертес ауруын тексерудің аса маңызды әдістеріне жататындар:

  • Рентген. Бастапқыда рентгенде ешқендай өзгеріс байқалмайды, себебі, Легга-Кальве-Пертес ауруы кезінде рентгенде сүйекті зақымдануы байқалуы үшін аурудың симптомдары пайда болғаннан кейін, кемінде, 1-2 ай өтуі тиіс. Дәрігер белгілі бір уақыт аралығында рентген суреттерінің топтамасын жасауды ұсынуы мүмкін. Осы арқылы дәрігер аурудың дамуын қадағалай алады.
  • Магниттік-резонанстық томография (МРТ). Бұл тексерістің барысында организмнің сүйектерінің және жұмсақ тіндерінің толық бейнеленуін алу үшін радиотолқындар және күшті магниттік өріс қолданылады. МРТ рентгенмен салыстырғанда Легга-Кальве-Пертес ауруының салдарынан болған сүйектердің зақымдануын айқынырақ көрсетеді.
  • Остеосцинтиграфия. Бұл тексеріс үшін радиоактивтік заттектің шағын көлемін көктамырға (венаға) енгізеді. Бұл заттек сүйектің бұзылған және өздігінше қалпына келе бастаған тұстарында жинақталады.



Легга-Кальве-Пертес ауруының ушығуына қарай ортан жіліктің басы морт сынғыш болады және өзінің домалақ пішінін жоғалтуы мүмкін. Емдеудің мақсаты, мүмкіндігінше, оның домалақ пішінін сақтау.

Хирургиялық емдеу 6 жасқа дейінгі балаларға ұсынылмайды. Олардың қарқынды өсуіне байланысты Легга-Кальве-Пертес ауруының салдарынан пайда болған ортан жіліктің басының зақымдануының өздігінше қалпына келуі мүмкіндігі ескеріледі. Бұл жастағы топтағы науқастардың көпшілігі консервативтік жолмен емделеді.


Емдеу

Егер бала 6-7 жастан кіші болса, дәрігер қадағалауды және созу арқылы симптоматикалық емдеуді, жүгіру мен секіруді шектеуді, қажет болса, дәрілік препараттарды қабылдауды ұсынады. Консервативтік емдеудің басқа әдістеріне жататындар:

  • Физио-емдеу. Ұршықбуынның зақымдануында оның маңайындағы бұлшық еттер мен байламдар қысқаруы мүмкін. Созуға арналған жаттығулар икемділікті, сондай-ақ, ортан жіліктің басының буынның қуысында орналасуын сақтауға көмектеседі.
  • Балдақтар. Кейбір жағдайда балаға зақымданған аяғына күш түсірмеу қажет болады. Балдақты қолдану буынды қорғауға көмектеседі.
  • Тартып, созу. Егер балада күшті ауырсыну болса, оған төсек режимі және арнайы құралдың көмегімен зақымданған аяқты тартып, созу көмектеседі.
  • Функционалдық шина. Ортан жіліктің басы буынның ішінде орналасуы үшін дәрігер 4-6 апта бойы арнайы функционалдық шинаны киіп жүруді ұсынуы мүмкін, оның ішінде екі аяқ алшақтату жағдайында бекітіледі. Осыдан кейін жамбастың икемділігін қолдау үшін бұл шинаны тек түнгі уақытта қолдануға болады.



Оперативтік емдеу

Легга-Кальве-Пертес ауруын емдеудің ортопедиялық әдістерінің көпшілігі ұршық буынның пішінін жақсартуға және артриттің дамуының алдын алуға бағытталған.

  • Сіресуді жою. Легга-Кальве-Пертес ауруына шалдыққан балалар жиі аяқтарын айқастырады. Бұл жақын орналасқан бұлшық еттердің, сіңірлердің қысқаруына және сіресудің пайда болуына апаруы мүмкін. Бұл тіндерді ұзартудағы хирургиялық емдеу аурудың симптомдарын жеңілдетуге көмектеседі.
  • Буынның реконструкциясы. 6-8 жастан асқан балалардың ұршық буынының қалыпты пішінін қалпына келтіру үшін буынға реконструктивтік операция жасалады. Бұл үшін жамбастың аумағында хирургиялық тілік жасалады. Сүйектер пластинаның көмегімен сүйектердің бітіп кетуіне дейін ұсталып тұрады.
  • Сүйектің сынықтарын алып тастау. Үлкен жастағы балаларда ауырсыну және қимылдың шектелуі буынның шеміршегінің зақымдануымен және буынның маңайында сүйектердің сынықтарының жинақталуымен байланысты болуы мүмкін. Аурудың симптомдарын жеңілдету үшін оперативтік емдеудің барысында сүйектердің сынықтары және шеміршек тіндерінің бөліктері алып тасталынады.
  • Буынды алмастыру. Ересек шақта Легга-Кальве-Пертес ауруына шалдыққан науқастарға ұршықбуынды алмастыру қажет болуы мүмкін. Бұл операция аса ауыр, және сүйектердің сыну және нервтердің зақымдану қауіптерімен қосарлануы мүмкін.


Ауырсынуды азайту және буынның зақымдануының алдын алу үшін үйдегі күтім бойынша ұсыныстар:

  • Белсенділікті өзгерту. Бала жүгіру немесе секіру секілді үлкен дене жүктемесінен алшақ болуы тиіс, себебі, бұл әлсіреген сүйектің зақымдануына және аурудың симптомдарының нашарлауына ықпал етуі мүмкін.
  • Ауырсынуды басатын құралдар. Ацетаминофен секілді дәрілік препараттар ауырсынуды жеңілдетуге көмектесуі мүмкін. Балаға аспирин беруге болмайды, себебі, бұл Рейе аталынатын, сирек, ауыр аурудың пайда болуына апрауы мүмкін.
  • Жылу немесе суық басу. Жылу немесе мұз басу Легга-Кальве-Пертес ауруына байланысты жамбастағы ауырсынуды жеңілдетуге көмектеседі. Созуға арналған жаттығулардың алдында жылу басу бұлшық еттерді босаңсытуға көмектеседі.