Мазмұны

Жалпы ақпарат

Себептері

Симптомдары

Диагностика

Емдеу

Болжамы

Мүмкін асқынулары

Қашан дәрігерге көріну қажет

Алдын алу


Жалпы ақпарат

Эпидидимит – бұл аталық бездің қосалқысының, аталық безді ұрық шығатын жолмен қосатын түтіктің ісінуі (қабынуы).

Peniskz

Аталық бездерде ерлердің гормондары және шәует өндіріледі. Бұл ұманың (пенистің артында орналасқан тері-бұлшық еттік түзіліс) ішіндегі екі жұмыртқа тәрізді ағзалар.


Себептері

Эпидидимит 19-35 жас аралығындағы жас ерлердің арасында кең таралған. Бұл әскери қызметкерлердің арасында ауруханаға көрінудің жиі себебі.

Эпидидимит әдетте, бактериалдық инфекцияның несеп шығаратын каналдан, қуық асты безінен немесе қуықтан өтуінде пайда болады. Гетеро жыныстық қатынасты ерлердің арасында бұл ауруды жиі туындататын инфекциялар - гонорея және хламидиоз. Балаларда, егде жастағы ерлерде, гомо жыныстық қатынасты ерлерде аурудың жиі қоздырғышы – ішек таяқшасы.

Туберкулез микобактериясы эпидидимитті туындатуы мүмкін. Уреаплазма бактериясы да бұл аурудың себебі болуы мүмкін.

Эпидидимиттің басқа себебі – жүрек ырғағының бұзылысын емдейтін, амиодарон аталатын дәрілік препаратты қабылдау болуы мүмкін.

Эпидидимиттің пайда болу қаупі артады:

· Сүндетке отырғызылмаған ерлердің арасында

· Жуырда болған хиургиялық араласудан кейін немесе несеп жолдарындағы мәселелерде

· Үрпі катетерін ұдайы қолдануда

· Презервативсіз, бірнеше серіктеспен жыныстық қатынаста.


Симптомдары

Эпидидимит температураның сәл артуынан, қалтырау мен аталық без аумағында ауырлық сезімінен басталуы мүмкін. Біртіндеп, бұл аумақ қысымға сезімтал бола бастайды.

Эпидидимиттің басқа симптомдары:

· Шәуеттегі қан

· Несеп шығару каналынан бөлінді (пенистың ұшында)

· Іштің төменгі бөлігінде немесе жамбас қуысы аумағында жайсыздық

· Қызба

· Шаптағы ауырсыну

· Аталық бездің ісінуі

· Шәует шашу кезіндегі ауырсыну

· Несеп шығару кезіндегі ауырсыну және күйдіру сезімі

· Ұманың ауырсынатын ісінуі

· Зақымданған жақтағы шаптың аумағындағы ісіну, ширығу

· Аталық бездегі ауырсыну, нәжіс шығару кезінде күшейетін.


Диагностика

Тексеру кезінде зақымданған жақта қызару, ширығу, кейде ұманың ісінуі де анықталады. Ширығу әдетте, аталық бездің шағын бөлігінде, қосалқының орналасқан аумағында пайда болады.

Сондай-ақ, шаптың аумағындағы лимфа түйіндерінің ұлғаюы және пенистен бөлінді шығуы анықталуы мүмкін. Ректалдық зерттеу кезінде қуық асты безінің ұлғаюы анықталуы мүмкін.

Келесі тексерулер тағайындалуы мүмкін:

· Қанның жалпы талдауы (ОАК)

· Ультрадыбыстық допплерография

· Аталық безді сканерлеу (радионуклидтік сканерлеу)

· Несептің жалпы талдауы қоздырғышты анықтау үшін (несептің бірнеше үлгілерін тапсыру қажет болады: бастапқы, ортаңғы үлесін, қуық асты безін уқалаудан кейін)

· хламидиоз және гонореяға тексеру.

Бұл ауруды аталық бездің бұралуынан айыра білу қажет. Аталық бездің бұралуы – шұғыл хирургиялық араласуды қажет етеін ауру.


Емдеу

Дәрігер инфекцияны емдеу үшін дәрілерді тағайындайды. Жыныстық жолмен берілетін инфекциялар антибиотиктерді тағайындауды қажет етеді. Жыныстық қатынастағы серіктестеріңіз де емделуі тиіс. Ауырсынуды басатын және қабынуға қарсы препараттар қажет болуы мүмкін.

Амиодаронды қабылдаудан болған эпидидимитті емдеу оның мөлшерлемесін азайтуға немесе препаратты алмастыруға негізделеді.

Науқастарға төсекте болу тәртібін қадағалау қажет, ұманы жоғары орналастырып, оған мұзы бар пакетті басу қажет. Емдеу курсын аяқтағаннан кейін қайтадан дәрігерге барып, инфекцияның толық емделгендігіне көз жеткізу қажет.


Болжамы

Эпидидимит әдетте антибиотикпен емделгенде өтеді. Жыныстық немесе репродуктивтік мүмкіндіктер бұл кезде төмендемейді. Дегенмен, ауру қайталануы мүмкін.

Емдеу болмаса, немесе басқа жағдайларда ауру созылмалы түрге көшуі мүмкін. Созылмалы барысында ісіну болмайды, бірақ, науқас ұдайы ауырсынуды сезінеді.


Мүмкін асқынуы

Аурудың асқынулары:

· ұманың абсцессі

· Созылмалы эпидидимит

· Ұмада саңылау қалыптасуы

· Қанның жеткіліксіз келуінен аталық бездің тінінің тіршілігін жоюы (аталық без инфаркті)

· Бедеулік

Ұмадағы жіті ауырсыну шұғыл медициналық көмекті талап етеді. Бұл кезде дәрігердің шұғыл кеңесі қажет.


Қашан дәрігерге көріну қажет

Эпидидимиттің симптомдары болса, дәрігерге көрініңіз. Кенеттен немесе жарақаттан аталық безде күшті ауырсыну пайда болса, шұғыл медициналық жәрдемге жүгініңіз.


Алдын алу

Ауруды ерте анықтау және инфекцияларды емдеу арқылы эпидидимиттің асқынуының алдын алуға болады.

Эпидидимит пайда болу қаупі бар операциялардың алдында дәрігер антибиотик тағайындауы мүмкін. Қауіпсіз жыныстық қатынас (жыныстық қатынастағы бір ғана серіктес, презерватив қолдану) жыныстық жолмен берілген аурулардан болған эпидидимиттің алдын алуға көмектесуі мүмкін.


Ақпарат көзі: АҚШ Ұлттық денсаулық институттарының мәліметтер қоры: http://www.nlm.nih.gov/medlineplus/ency/article/001279.htm


Аудармашы: Асель Стамбекова, HealthСity жобасының дербес үйлестірушісі

Редакциялық алқа:

Алмаз Шарман, медицина профессоры

Ләзат Ақтаева, м.ғ.д.

Сәлім Смайылов, б.ғ.к.