Жүктелуде...
 

Қорылдау қандай жағдайларда денсаулыққа қауіпті болып табылады

Қорылдау қандай жағдайларда денсаулық үшін қауіпті болып табылады

translator жексенбі наурыз 31, 2019


қорылдау

Ұйқы кезінде қорылдау - өте жиі кездесіп жататын құбылыс, ол ерлерде де, әйелдерде де кездеседі. АҚШ-тың ұлттық ұйқы қорының статистикасы бойынша, әрбір үшінші еркек және әрбір төртінші әйел әр түн сайын ылғи қорылдайды. Тіпті кейбір тарихшылар Ұлыбританияның премьер-министрі Уинстон Черчилль мен Виктория патшайымы ұйқы кезінде жиі қорылдағандары жайлы сөз етеді. Сонымен, неге адамдар қорылдайды?

Кентукки университетінің (АҚШ) аутооларингология кафедрасының доценті Бретт Комер былай дейді «Біз ұйықтап жатқанда бұлшықеттің күші жоғалады – яғни, тіл кері қайырылып қалады, тамақ пен мұрынның тіндері мен бұлшықеттері босаңсыйды. Дем алғанда және дем шығарған кезде, босаңсыған тіндер мен бұлшықеттердің арасында діріл пайда болып, бұл өз кезегінде қатты дыбыстардың пайда болуына ықпал етеді. Осыны қорыл деп жатамыз.

Адамның қорылдауына көптеген факторлар әсер етеді. Олардың негізгілерінің бірі - артық салмақтың болуы.
Мойындағы артық майлар, тілдің бастапқы жағындағы және тамақтың жоғарғы жағында тыныс алу жолдарын бекітіп, ауаның өтуіне кедергі келтіруі мүмкін.

Қорылдаудың тағы бір себебі – зиянды алькогольді ішімдіктерді пайдаланғаннан, ол кезде тыныс алу жолдарының бұлшық еттері босап кетеді, соның салдарынан адам қорылдайды.

Сонымен қатар, шалқасынан жатып ұйықтауды әдетке айналдырғаннан, ондай кезде де тіл артқа қайырылып, ауа өтімін тежейді, соның салдарынан да діріл пайда болады.

Қорылдаудың себептері анатомиялық құрылымның ерекшеліктерінен немесе мұрынның жарақатының салдарынан болуы мүмкін. Мысалы, мұрын кеңсірігінің қисаюы мұрынның ауа айналымына кедергі келтіреді. Тілдің босаңсуы – жұмсақ көмейдің артқы жағында орналасқан конустық пішіндегі кішігірім үдеріс, осы қорылдың туындауын арттырады. Негізі қорыл алаңдайтындай мәселе емес, егер адам жалғыз ұйықтаса, денсаулығы дұрыс болса. Бірақ оны қауіпсіз деп те айта алмаймыз.

Sleep and Breathing журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, қорыл кезінде тыныс алудың мерзімді тоқтап тұруы – ұйқыдағы апноэ - жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін екі есеге арттырады.

Зерттеудің авторы Теему Нииранен атап өткендей, қорыл және апноэ үзіліссіз гипоксияға әкелуі мүмкін. Ол – ағза тіндері жеткілікті мөлшерде оттегіні ала алмай қалатын ауру. Бұл артериялардың зақымдалуына немесе бітелуіне әкеліп соғады және кеудеде жағымсыз қызу сезімі мен қысылу байқалуы мүмкін.

Ұйқының обструктивтік апноэсы кезінде адамға өзін қадағалау қиынға соғады. Бірақ, егер басқалар адамның тыныс алуды тоқтатқанын байқап қалса, дереу медициналық көмекке жүгіну керек. Бастапқы емдеуде, әдетте, салмақты түсіру қолға алынады және ұйықтағанда тыныс алу аппараты пайдалынады. Мұны CPAP-терапиясы деп атайды. Түнгі апноэ ауыр жағдайларда хирургиялық араласу қолданылады.

Қорылдың кейбір түрлері алаңдаушылық туғызуы мүмкін. Доктор Комер «Егер адам қорылдап жатып, тыныс алмай қалғандай болса, немесе үш немесе төрт секундтай тез-тез тыныстап кетсе, тұншыққандай сезім болса, немесе өзін ұйқыдан оята алмай қиналатын болса, онда міндетті түрде дәрігерге тексерілсін» - деп кеңес береді. Мұның бәрі гипопноэ белгілері болуы мүмкін. Ол – жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупімен байланысты апноэ сияқты ұйықтағанда тыныс алу бұзылысынан болатын ауру.

Жалпы алғанда, егер ұйықтаған адам дыбыс шығарса да дұрыс тыныс алса, онда уайымдайтын ештеңе жоқ. Оны жанымен жатқызып көру керек. Дәрігерлердің айтуы бойынша, бұрын қорылдамайтын адам кенеттен қатты қорылдап кетсе, онда арнайы мамандардың кеңесіне жүгінген дұрыс. Қатты қорыл тыныс алу жолдарының бітелуінен болуы да мүмкін.



Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры.

Мақаланы аударып дайындаған Бағдат Сұлтанбек.


Басқа да пайдалы медициналық ақпараттарды anamed.kz сайтынан оқи аласыз.

Тілді таңдау