Коронавирусқа қарсы вакциналар: вакцина сынақтары қалай жүргізілуде? Олардың жасап шығарылуы біздің пандемияны жеңуімізге қаншалықты көмектеспек?

translator жексенбі қараша 29, 2020

Whatsapp Image 2020 11 25 At 15.55.25

Жақында неміс BioNTech биотехнологиялық компаниясы мен Pfizer фармацевтикалық концерні бірлесіп жасаған коронавирусқа қарсы вакцинаның тиімділігі 90 пайыз болды деп хабарланды.

Бұл көрсеткіш нені білдіреді? Вакцина сынақтары қалай өткізіліп жатыр? Оның жасалуы біздің індетті жеңуімізге қалай көмектеспек?

Вакциналар да басқа дәрі-дәрмектер сияқты мақұлданғанға дейін және клиникалық тәжірибеге шығарылғанға дейін клиникалық сынақтың үш фазасынан өтуі керек. Алғашқы екі фаза мөлшерін дұрыс таңдауға, қауіпсіздігін бағалауға және мүмкін тиімділігі жайлы жалпы қорытынды жасауға бағытталған. Бұл сынаққа ондаған немесе жүздеген еріктілер қатысады.

Сынақтың алғашқы екі фазасынан соң нағыз сынақ – үшінші фаза болады, онда дәрілік зат он мың адамға сыналып, оның тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы соңғы қорытынды жасалады. Ресейдің «Спутник V» вакцинасы, оның үшінші фазаға дейін тіркелгендігіне байланысты сынға ұшыраған болатын. Бұл вакцинаны дәл қазір тексеріп жатыр, оның жетістіктері туралы әлі күнге дейін сенімді деректер жоқ.

Pfizer мен BioNTech компанияларының вакциналарын зерттеуге осы уақытқа дейін шамамен 43 мың еріктілер қатысты. Олар екі тең топқа бөлінді, бірінші топқа вакцина екі рет егілді (үш апталық үзіліспен), екінші топқа екі рет плоцебо берілді, яғни, кәдімгі түз ертіндісі. Айта кететіні, зерттелушілер мене зерттеушілердің ешқайсысы кімге вакцинаның салынғанын және салынбағанын білген жоқ.

Содан соң ғалымдар статистикалық маңызды қорытынды жасау үшін зерттеуге қатысушылар арасынан вирусты жұқтырғандың барынша жиналғанын күтті. Нәтижесінде инфекцияны жұқтырғандардың 94 жағдайы орын алды. Тәуелсіз зерттеушілер тобы енді вирус жұқтырған еріктілердің екі топтың қайсысына жататындығын анықтауға рұқсат алды. Вирус жұқтырғандардың 90 пайыздан астамы вакцина алмаған топқа жататын болып шықты. Осылайша, вакцинаның 90 пайыздық тиімділігі туралы қорытынды жасалды.

Қазірдің өзінде Pfizer АҚШ-тағы мемлекеттік органға шұғыл қолданысқа жіберілуі үшін препаратты тіркеу туралы өтініш жасамақ. Вакинаны жасаушылар биыл 50 миллион доза вакцина өндіруге және де 2021 жыл ішінде миллиардтан астам доза вакцина өндіруге дайын екендіктерін мәлімдеді.

Pfizer мен BioNTech компаниялары жасаған өнімдер мРНҚ деп аталатын вакцинаға жатады. Шын мәнінде, бұл коронавирустың тікенді ақуызын кодтаушы РНҚ вирусының бөлігі, ол басқа молекулалардың қабығына арнайы оралып, оның жасушаның ішіне енуіне мүмкіндік береді, Содан соң жасуша иммундық жүйені дағдыландыратын вирустық ақуызды шығаруды бастайды.

Бұл технологияның негізін қалаушылар германиялық ғалымдар Угур Сахин мен Озлим Туреджи екенін атап өткен жөн. Олар Түркиядан шыққан. Олар ойлап тапқан технология SARS-CoV-2-ге қарсы күресте маңызды рөл атқаратын жасушалық иммунитетті дамытуда жақсы деп саналады.

Сонымен қатар, теориялық тұрғыдан мРНҚ вакциналарын дәстүрлі векторлық вакциналармен салыстырғанда жасау оңай әрі арзан. Пандемия кезінде мұның ықпалы өте маңызды.

Әйткенмен, қиыншылықтар да баршылық: РНҚ молекуласы тұрақсыз болғандықтан, оны жасушаға жеткізу үшін кіп-кішкентай майлы капсулаға, арнайы қаптамаға салу керек. МРНҚ вакцинасын сақтау ерекше жағдайларды талап етеді. Атап айтқанда, оны минус 70 градус Цельсиядан астырмай терең мұздату қажет. Бұл оны соңғы пайдаланушыға жеткізуді едәуір қиындатады.

Егер Pfizer мен BioNTech-тің оптимистік деректері расталса, онда COVID-19-қа қарсы алғашқы айтарлықтай тиімді вакина адамзаттың қолында келесі жылдың басында болмақ. Дегенмен, коронавирус – зұлым ауру, COVID-19-ға қарсы вакинасы тіпті клиникалық сынақтардан өтсе де, бәрі жақсы боларына ешқандай кепілдік жоқ.

Біріншіден, біз жаңа инфекияға қарсы иммунитеттің қаншалықты төзімді екенін білмейміз. Екіншіден, вирус мутацияға ұшырайды, бірақ тұмауға қарағанда әлдеқайда аз және вакцина SARS-COV-19-дың жаңа штаммдарына қарсы дәрменсіз болуы мүмкін. Препараттың жаңартылған нұсқаларын қолдана отырып, мүмкін бірнеше айларда бір рет COVID-19-ға қарсы вакцинаны алуға тура келетін шығар.

Алайда, Pfizer мен BioNTech компанияларының жасап шығарған тиімділігі жоғары вакциналары біздің COVID-19 пандемиясын жеңуімізге жақын қалғандығымыз шынайы үміт ұялатады. Оның үстіне басқа вакциналар да дайындықтарын аяқтау шегінде. Оларды американдық Moderna компаниясы, британдық Astra Zeneca концерні және қытайлық CanSino фирмасы дайындауда. Келесі жылы олар адамзат баласына пандемиядан қорғайтын иммундық қорғаныс қалыптастыруға көмектеседі деп үміттенемін.

Дәл осы арада мен сіздерді маска тағып, қол гигиенасын сақтауға және де адамдар көп жиналатын орындардан аулақ жүруге шақырамын. Сабырлы болғанымыз жөн. Індеттің де соңы таяған сыңайлы.

Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры.

Басқа да пайдалы медициналық ақпараттарды anamed.kz сайтынан оқи аласыз.


Permalink: http://78.40.109.56/anamed/tiki-view_blog_post.php?postId=184