Коронавирустық инфекцияның зардабы

translator Сейсенбі маусым 30, 2020

Polipoznyi Sinusit

Соңғы уақытта менің достарымның, жақындарымның және туыстарымның көбісі коронавирусты жұқтырды. Олардың көбісінде инфекция симптомсыз немесе жеңіл түрде өтуде. Араларында ауыр жағдайда жан сақтау бөлімінде болғандары да бар. Ауру дендеп барады, күн санап науқастар саны көбейіп жатыр. Ақыр соңында көптеген адамдар коронавирустың ойдан шығарылмағанын, шындық екенін түсінгендей.

Әрине, кейбіреулер маған дәрігер есебінде кеңес алу үшін жүгінеді. Мен міндетті түрде адамдарға маска тағуды, әрдайым қолды жуып, ара қашықтықты сақтауды ұсынамын. Ең дұрысы, үйде отырып, барлық қарым-қатынасты шектеген жөн.

Инфекция жұқтырған жағдайда ең алдымен отбасы мүшелерінен және басқа адамдардан оқшауланған абзал. Сондай-ақ, инфекция жұқтырғандарға мүмкіндігінше лимон қосып жылы суды көп ішуді, ауыз және мұрын қуысын жиі жуып-шайып тұруды ұсынамын. Бұл вирустың ағзадағы концентрациясын төмендету үшін қажет, ол неғұрлым жоғары болса, айналадағыларға вирусты жұқтыру және асқынулар соғұрлым жоғары болады.

Коронавирустық инфекцияның симптомдары пайда болған кезде, өлімге алып келуі мүмкін асқынулардың алдын алу үшін дәрігерлердің нұсқауларын қатаң сақтау керек. Егер жоғары температура, әлсіздік, тұмау мен жөтел сияқты симптомдар сақталса, онда оқшаулануды жалғастыру керек болады.

Коронавирустың көптеген дене мүшелеріне әсер етіп, қабынуды, қанның ұюын, жүрек, неврологиялық және басқа жүйелік бұзылыстарды тудыратыны белгілі. Коронавирустың негізгі көрінісі –өкпенің қатерлі қабынуына әкеп соғатын вирусты пневмония болып табылады. Әдетте оны көкірек қуысына компьютерлік томография жасау арқылы анықтайды.

Менің әріптесім, көптеген жылдар бойы СПИД-пен қарсы күрестің жаһандық бағдарламасын басқарған әйгілі бельгиялық профессор Питер Пиот коронавирустық инфекцияның ауыр түрімен ауырды. Оның өзінің айтуы бойынша, бұл аздап әлсіздік пен құрғақ жөтелден басталып, арты ауыр пневмонияға ұласқан көрінеді. Бақытына орай, дәрігерлер оның өмірін құтқарып қалды.

Айта кететін жайт, ауру жиі өкпенің толық зақымдануына әкеліп, көбіне өліммен аяқталады. Жақында Чикагодағы американдық дәрігерлер коронавирустық инфекциясы бар жас пациентке ең алғаш болып қос өкпесін трансплантациялады. Науқастың аурудан зардап шеккені соншалық, оның өмірін сақтап қалудың жалғыз жолы осы болатын. Күрделі он сағаттық операциядан соң, науқас өзін жақсы сезіне бастады және оның сауығып кетуіне үлкен үміт бар.

Коронавирустық эпидемия туралы айтқанда, басты назарды вирусты жұқтырғандарға және инфекциядан қайтыс болған адамдардың санына аударады. Алайда, аурудан айыққандар жайлы сирек айтылады. Қазіргі кезде әлемде коронавирустан миллионнан астам адам айығып шықты. Қазақстанда болса 10 мыңнан асты.

Олар коронавирустна толығымен айыға ала ма? Алдындары науқастар сауығып кеткеннен кейін де, біраз уақытқа дейін олардан коронавирус анықталатыны жайлы ақпарат болған еді. Жақында Оңтүстік Кореяда жасалған зерттеу нәтижесінде, бұл фрагменттер өлі вирустың бөлшектері екенін көрсетті. Яғни, иммундық жүйе ағзадағы коронавирустан тазартуға қабілетті.

Әйтсе де адамдар бұл індеттен айығып шыққанмен, коронавирустың салдары орасан зор. Кейбір адамдарда өкпенің, жүректің, бүйректің және де басқа мүшелердің бұзылыстары сақталады, ал бұл ұзақ мерзімді емдеуді қажет етеді. Аурудан айыққандар әлі де әлсіздікке, ентігуге, ес сақтау қабілетінің жоқтығына, иістерді ажыратудың нашарлығына шағымданады екен.

Ең үлкен алаңдатушылық өкпе фиброзы болып табылады. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл өкпедегі ерекше өзіндік тыртықтар Мұндай тыртықтар өкпенің толық тыныс алу мүмкіндігін шектейді.

Келесі бағдарламалардың бірінде мен дұрыс тыныс алудың аурудан айықаннан соң қалпымызға келуге, өкпе, жүрек, жүке және басқа да дене мүшелерінің ауруларының алдын алу үшін маңызы туралы айтатын боламын. Біздің тыныс алуымыз күйзелісті жеңуді, өмір сапасы мен ұзақ өмір сүруді қамтамасыз ету үшін шешуші рөл атқарады.

Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры.

Басқа да пайдалы медициналық ақпараттарды anamed.kz сайтынан оқи аласыз.


Permalink: http://78.40.109.56/anamed/tiki-view_blog_post.php?postId=141