Мазмұны

Герпес дегеніміз не?

Симптомдары

Себептері және қауіп факторлары

Емдеу

Асқынулары

Алдын алу


Герпес дегеніміз не?

Герпес – ауырсынатын көпіршіктер мен ойық жараларды туындататын вирустар тобының атауы. Герпестің түрлерінің бірі (қарапайым герпес вирусы немесе ҚГВ) ауыз маңайындағы герпесті (ұшық) және жыныстық герпесті (жыныстық мүшелердің аумағындағы) туындатуға қабілетті. Құрсау герпесі – желшешекті және құрсау теміреткіні туындататын герпестің бір түрі.

Герпес вирусы әлемдегі миллиондаған адамда бар. Аурудың ушығуынан кейін басылатын кезеңі болады. Аурудың ушығуы кезінде жыныстық қатынаста презерватив қолдану немесе жыныстық қатынасқа түспеу арқылы науқас серіктесін жұқпаланудан сақтайды. Бұл жөнінде дәрігермен кеңесу шарт.

Өмір салтына қатысты кеңестер:

  • Дәрігермен кеңесіңіз, егер герпеске күмәніңіз болса.
  • Жалғыз сізде ғана емес, әлемде миллиондаған адамда герпес барын біліңіз
  • Салауатты өмір салтын ұстанып, күйзелісті шектеңіз
  • Ойық жараларды ұстамаңыз
  • Жыныстық қатынастағы серіктесіңізге герпес бар екендігін айтыңыз, презерватив қолданыңыз.



Симптомдары

Жыныстық герпестің симптомдары қандай?

Симптомдарына кіретіндер: жыныстық мүшелердің аумағындағы ауырсынатын ойық жаралардың, қышудың, ауырсынатын несеп жүруінің, қынаптан бөлінділердің және шаптың аумағындағы ауырсынатын түйіндердің пайда болуы. Алғашқы ушығуы кезінде (алғашқы герпес) кейбір науқастарда тұмау тәрізді симптомдар: денедегі ауырсыну, қызба және бастың ауырсынуы болады. Герпеске шалдыққан адамдардың көпшілігінде өзіне тән симптомдарымен аурудың асқынуы болып тұрады. Кейбір әйелдерде герпестік бөріткендер жатырдың мойнында ғана болады. Бұл жағдайда симптомдары аз немесе болмауы мүмкін.

Жұққаннан кейін не болады?

Герпес вирусын жұқтырудан кейін ауру бірнеше кезеңде өтеді. Олардың сипаттамалары төменде келтірілген.

Алғашқы кезеңі

Бұл кезең жұқтырғаннан кейін 2 - 8 күннен кейін басталады, бірақ, кейде бұл көбірек уақытты алуы мүмкін. Әдетте, инфекцияның өршуінде аздаған ауырсынатын көпіршіктер тобы пайда болады. Көпіршіктердегі сұйықтық мөлдір немесе бұлыңғыр болады. Көпіршіктердің астындағы аумақ әдетте, қызыл болады. Көпіршіктер оңай жарылады, сондықтан, ашық ойық жараларға тез айналады. Науқас көпіршік кезеңін байқамауы мүмкін.

Жыныстық мүшелердің аумағында ауырсынатын көпіршіктер мен ойық жаралар пайда болуында несеп жүруі кезінде ауырсыну болады. Бұл жоғары температурамен, жалпы өзін нашар сезінумен, немесе басқа тұмау секілді симптомдармен қосарланады.

Кейде ауру симптомсыз өтеді, кейбір науқастар өздерінің жұқпаланғандығын білмейді.

Жасырын кезеңі

Бұл кезеңде көпіршіктер, ойық жаралар немесе басқа симпомдар болмайды. Бұл кезде вирус теріден омыртқаны қоршайтын нервтерге өтеді.

Өршу кезеңі

Бұл кезеңде вирус нерв жалғамдарында көбейе бастайды. Егер зақымданған нерв жалғамдары организмнің сұйықтықпен (сілемей, шәует, қынап бөліндісі) жанасатын аумағында болса, вирус оларға түседі. Бұл кезең симптомсыз өтеді, бірақ, бұл кезде вирустың таралуы жүреді.


Себептері және қауіп факторлары

Жыныстық герпес қалай таралады?

Жыныстық герпес әдетте, жыныстық қатынас кезінде, оның ішінде, жұқпалы адаммен ауыз арқылы қатынасты қоса, адамнан адамға беріледі. Вирус организмге зақымданған тері немесе ауыздың сілемей қабаты, несеп шығару жоларының саңылауы, жатырдың мойны немесе айналшық саңылауы арқылы өтуі мүмкін. Герпес инфекцияның өршуінде көпіршіктер немесе ойық жаралар болғанда жеңіл тарайды. Бірақ, кейде инфекция көрінетін симптомдарсыз да таралады. Герпес вирусы организмде ауысып тұрады, мысалы, жыныстық мүшеден саусаққа, көзге немесе дененің басқа бөлігіне.

Жүкті әйел герпес вирусын өзінің құрсағындағы нәрестеге береді ме?

Иә. Жүкті әйел дәрігерге өзінде жыныстық герпес бар екендігін немесе герпес бар адаммен жыныстық қатынаста болғандығын айтуы қажет. Герпес бар аналардан туған сәбилер босану кезінде инфекцияны жұқтырады. Жаңа туған сәбилерде герпес мидың зақымдануына, соқырлыққа, өлім-жітімге дейін ұшыратуы мүмкін.

Сәби жатырдың ішінде қорғаныста. Бірақ, босану жолдары арқылы өткенде жұқпалануы мүмкін. Егер сізде герпес болса, немесе осы вирус бар адаммен жыныстық қатынаста болсаңыз, сондай-ақ, босану кезінде аурудың симптомдары болса, дәрігер кесарь тілігін жасауға шешім қабылдауы мүмкін, себебі, сәби герпеспен жұқпаланған әйелдің босану жолдары арқылы өтпеуі қажет.


Емдеу

Өзімде герпес бар екендігін болжасам, не істеуім қажет?

Тезірек дәрігерге барыңыз. Герпесті ойық жараларға қарап анықтау оңай. Емдеуді бастап, ауырсынуды азайта аласыз.

Герпестен айығуға болады ма?

Жоқ, бірақ дәрілер жағдайды жақсартады. Ацикловир секілді дәрілік препараттар герпес кезінде жаралардың жазылуына, ауырсынудың азаюына ықпал етеді. Ацикловирдің таблеткадағы түрі алғашқы немесе қайталанған герпесті емдеуге арналған. Сондай-ақ, препарат аурудың қайталану санын азайтуға қабілетті. Ацикловир, сондай-ақ, жақпа май түрінде шығарылады, оны аурудың бастапқы кезеңінде немесе қайталануы кезінде ойық жараларға жағуға болады.

Фамцикловир және валацикловир қайталанатын жыныстық герпесті емдеу және қайталанудың алдын алу үшін қолданылады.

Ауырсынуды басу үшін кеңестер

  • Аспирин, ацетаминофен немесе ибупрофен қабылдаңыз.
  • Ауырсынатын жерге сәл жылы немесе салқын салфетка басыңыз. Жылы (ыстық емес) ванна қабылдаңыз (несеп жүруінде әйел ваннада несеп шығаруына болады, бұл несепті езіп, ойық жараны күйдірмейді).
  • Зақымданған жерді құрғақ және таза ұстау қажет.
  • Мақта матадан іш киім киіңіз.
  • Бос, қыспайтын киім киіңіз.


Менде герпес болса, және жүкті болуды жоспарласам, не істеуім қажет?

Егер сізде жыныстық герпес болса, және жүктілікті жоспарласаңыз, немесе жүкті болсаңыз, бұл туралы дәрігерге хабарлау қажет. Ол жүктілік кезінде және босану алдында аурудың өршуі болмас үшін вирусқа қарсы препараттарды тағайындайды. Жыныстық герпес инфекциясы босану кезінде өршісе, дәрігер кесарь тілігін жасайды, бұл кезде герпес вирусының сәбиге берілу қаупі азғантай.

Жүктілік кезінде герпесті жұқтырсам, не істеуім қажет?

Егер жыныстық герпестің алғашқы өршуі жүктілік кезінде болса, дәрігерге айтуыңыз қажет. Дәрігер вирусқа қарсы дәрілерді ұсынады. Сәбидің герпес вирусын жұқтыру қаупі ауру босану алдында өршісе, едәуір жоғары болады.

Жүктілік кезінде герпесті жұқтырмау маңызды. Егер серіктесіңізде герпес болса, ал сізде болмаса, жыныстық қатынас кезінде презерватив қолданыңыз. Осы уақытта герпестің өршуі болмаса да, серіктесіңіз сізге инфекцияны беруі мүмкін. Ойық жара жазылғанға дейін жыныстық қатынастан алшақ болыңыз.


Асқынулары

Көптеген адамдарда герпестің алғашқы өршуінен кейін көпіршіктер мен ойық жаралар қайтадан пайда болуы мүмкін. Бұл аурудың қайталануы. Әдетте, бұл кезде аурудың симптомдары алғашқыдай айқын болмайды. Күйзеліс, нашар сезіну, шаршау, күннің көзінде болу немесе етеккір айналымы аурудың қайталануына бейім етеді. Кейде адам аурудың өршуінің жақындауын сезінеді: алғашқыда көпіршіктер мен ойық жаралар болған жерде қышу, шаншу немесе ауырсыну сезілуі мүмкін.


Алдын алу

Герпес вирусын таралмайтындай, жыныстық қатынас үшін қауіпсіз уақыт бар ма?

Толық қауіпсіз дейтін уақыт жоқ, оны білу қиын. Сіз жыныстық серіктесіңізге өзіңізде герпес бар екендігі туралы айтуыңыз шарт. Ойық жаралар болса, қатынасқа түспеу қажет. Ойық жаралар кезінде герпес бір адамнан басқаға жеңіл беріледі. Оның тағы бір себебі, ойық жара кезінде ЖИТС (СПИД) туындататын, адамның иммунитет тапшылығы (АИТ- ВИЧ) вирусын жеңіл жұқтыруға болады. Әр жыныстық қатынаста презерватив қолдануыңыз қажет. Бірақ, олар бүкіл зақымданған аумақты қамтыған кезде ғана герпестің таралу қаупін азайтады.