Мазмұны
Беткейлік тромбофлебит – беткейлік көктамырлардың тромбозы дамуымен сипатталатын қабыну ауруы.
Беткейлік тромбофлебит көктамырлардың жарақатынан немесе көктамырға қойылған катетерден кейін пайда болуы мүмкін. Егер сізде бұл аурудың дамуының жоғары қаупі болса, ол көрінетін себепсіз де пайда болады.
Беткейлік тромбофлебиттің пайда болуының қауіп факторларына жататындар:
- Тұратын аумақтың химиялық ластануы
- Қанның ұюының артуымен сипатталатын аурулар
- Инфекциялар
- Жүктілік
- Ұзақ уақыт бойы отыру немесе жату
- Ұрықтануға қарсы таблеткаларды қабылдау
- Көктамырдың варикозды кеңеюі
Беткейлік тромбофлебит келесі аурулармен байланысты болуы мүмкін:
- Іш қуысы ағзаларының қатерлі ісігі (мысалы, ұйқыбезінің қатерлі ісігі)
- Терең көктамырдың тромбозы
- Қанның ұюының V факторы генінің Лейдендік мутациясы
- Протромбин геніндегі мутация
- Облитерациялайтын тромбангиит
Бұл ауруға қатысты сирек бұзылыстарға III (AT-III) антитромбиннің, С және S протеиндерінің жеткіліксіздігі жатады.
- Терінің теріастылық көктамыр бойымен қызаруы немесе қабынуы
- Тері ұстағанда жылы
- Теріастылық көктамырда ширығу немесе ауырсыну бар – ауырсыну басқанда күшейеді
- Аяқтың ауырсынуы
- көктамырдың тығыздалуы (индурация)
Бұл суретте аяқтың тамыры үстінде эритема (қызару) көрінеді. Беткейлік көктамырлар қабынған, кеңейген, олардың түсінің өзгеруі байқалады.
Дәрігер зақымданған аумақтың сыртқы түріне қарап, беткейлік тромбофлебит болуын анықтайды. Тамыр соғуын, артериалдық қысымды, температураны жиі өлшеу, тері мен қан ағымының жағдайын жиі анықтау қажет болуы мүмкін.
Келесі нақтамалық зерттеулер аурудың болуын растауға көмектеседі:
- Ультрадыбыстық допплерография
- Қантамырларын ультрадыбыстық дуплекстік сканирлеу
- Венография
Инфекция белгілері болуында тері немесе қан микроорганизмдерінің өсінділерін зерттеу қажет болуы мүмкін.
Емдеудің мақсаты – ауырсыну мен қабынуды азайту, асқынудың алдын алу.
Жайсыздық пен ісінуді азайту үшін эластикалық шұлық киіп, қабынған аяқты жоғары қою қажет. Сондай-ақ, зақымданған жерге жылы компресс қою пайдалы.
Егер беткейлік тромбофлебит көктамыр ішілік катетерден болса, оны дереу алып тастау қажет.
Беткейлік тромбофлебитті емдейтін дәрілік препараттар:
- Қабынуды азайтуға арналған стероидты емес қабынуға қарсы препараттар (НПВП)
- Ауырсынуды басатын препараттар
Егер терең көктамыр тромбозы болса, дәрігер қанды сұйылтатын дәрілерді (антикоагулянттарды) тағайындайды. Антибиотиктер инфекция болса тағайындалады.
Көктамырдың варикоздық кеңеюінің және тромбофлебиттің қайталанатын көріністерінің алдын алу үшін жоғары қауіпті топ науқастарына зақымданған көктамырды хирургиялық алып тастау (флебэктомия) немесе склеротерапия ұсынылады.
Беткейлік тромбофлебит әдетте, жеңіл өтеді және ешқандай асқынуды туындатпайды. Симптомдары, әдетте, 1-2 апта ішінде өтеді, бірақ, көктамырдың ширығуы ұзақ уақыт бойы сақталады.
Беткейлік тромбофлебиттің асқынуы сирек кездеседі. Мүмкін мәселелер:
- Инфекциялар
- Терең көктамыр тромбозы
Осы аурудың симптомдары болса, дәрігерге немесе медбикеге хабарласыңыз.
Беткейлік тромбофлебит анықталса, емдеуден жағдай жақсармаса, немесе симптомдар ушығатын болса, дәрігерге көрініңіз.
Жаңа симптомдар пайда болса, мысалы, аяқтарыңыз солғын тартса, ұстағанда суық болса, немесе қалтырау және қызба болса, дәрігерге көрініңіз.
Егер сізге қандай да бір препаратты көктамыр арқылы енгізу қажет болса, көктамырға баратын жерді ұдайы өзгерту және қабыну белгісі болса көктамырға қойылатын катетерді дереу алып тастау арқылы беткейлік тромбофлебиттің қаупін азайтуға болады.
Мүмкіндігінше, аяқ-қолды ұзақ уақыт бойы бір жағдайда ұстамау қажет. Аяқты жиі қозғалту қажет, ұзақ ұшу, көлікте болу, немесе ұзақ уақыт бойы отыруға немесе жатуға тура келетін басқа жағдайлар кезінде аяқты қозғалтып, серуендеуге тырысыңыз. Беткейлік тромбофлебиттің пайда болу қаупін азайту үшін операциядан немесе ауруға байланысты ұзақ уақыт төсек тартудан кейін ертерек тұруға немесе серуендеуге тырысыңыз.
Беткейлік тромбофлебит.