Мазмұны

Жалпы ақпарат

Симптомдары

Себептері

Аллергиялық серпінді не тудырады

Емдеу шаралары және дәрілік препараттар

Өмір салты және үй жабдығы


Жалпы ақпарат

Шаң кенелеріне аллергия деп үй шаңында болатын аса ұсақ жәндіктерге аллергиялық серпін аталады. Шаң кенелеріне аллергияның белгілеріне түшкіру және мұрын ағуы/бітуі жатады. Көптеген адамдар шаң кенелеріне аллергия болғанда астманың (демікпе) ентігу және тыныс алудың қиындауы секілді белгілеріне де шалдығады.

Шаң кенелері – кене мен өрмекшілердің жақын тұқымдасы – олар аса шағын, микроскоппен ғана көруге болады. Шаң кенелерінің көптеген төсек жабдығында, жұмсақ жиһазда, кілемде мекендеуіне оңтайлы жағдай жасалады.

Үйдегі шаң кененің көлемін азайту шаралары көбінесе, аллергия симптомдарын бақылауға көмектеседі. Дәрілер немесе басқа емдеу әдістері астманың симптомдарын жеңілдету және барысын меңгеру үшін қажет болуы мүмкін.


Симптомдары

Мұрын қуысының қабынуына байланысты шаң кенелеріне аллергия симптомдарына жататындар:

· түшкіру

· мұрынның ағуы

· көздің қышуы, қызаруы немесе ылғалдануы

· мұрынның бітуі

· мұрынның, таңдайдың немесе көмейдің қышуы

· мұрын қуысынан сілемей бөліндісінің көмейдің артқы қабырғасынан ағуы

· жөтел

· беттегі қысылу және ауырсыну сезімі

· көздің ісінуі, көз асты терісінің көкшілденуі

· балалық шақта – мұрынды жиі үйкеу

егер шаң кенелерге аллергияға демікпе қосарланса, адам келесілерге ұшырайды:

тыныс алудың қиындауы

кеудедегі қысылу сезімі немесе ауырсыну

дем шығарғанда, ентіккенде ысқырық естілуі

ентігуге, жөтелуге және ауыр тыныс алуға байланысты ұйқыдағы мәселелер.

Жөтел немесе сырылдау ұстамалары, олар тұмау немесе суық тию секілді респираторлық вирустық инфекциялардан ушығады.


Себептері

Шаң кенелері адамдар терісінің қабыршақтанып, түскен жасушаларымен қоректенеді, ауадағы ылғалды жұтады. Олар 18,5 - 290С температурада, салыстырмалы ылғалдылық 50 пайыз болғанда дамиды.

Үй шаңын төсек жабдығының, жиһаздың, жастықтың және кілемдердің талшықтары жеңіл жұтады. Бұл материалдар сондай-ақ, ылғалды жақсы ұстайды. Демек, ұйқтайтын бөлмелер шаң кенелердің мекендеуі үшін аса оңтайлы.

Шаңда шаң кенелерінің нәжістері және ыдырауға ұшыраған денелері болады, олар – ақуыз, сондықтан, үй шаңына аллергияның себебі болады.


Аллергиялық серпінді не тудырады

Аллергия - шаң-тозаң, үй жануарларының жүні немесе шаң кенелері секілді бөгде заттарға иммундық жүйенің серпіні.

Иммундық жүйе антиденелер секілді ақуыздарды өндіреді. Олардың кейбірі аурулар мен инфекцияларды туындатуы мүмкін бөгде агенттерден бізді қорғайды. Аллергия болса, иммундық жүйе нақты аллергенді зиянды зат ретінде анықтайды. Аллергенді жұтқанда немесе онымен қатынасқа түскенде, иммундық жүйе мұрын қуысында немесе өкпеде қабыну реакциясын өндіру арқылы серпін береді. Аллергеннің ұзақ немесе ұдайы әсері демікпеге байланысты созылмалы қабынуды туындатуы мүмкін.


Диагностика

Дәрігер шаң кенеге аллергияны аурудың симптомдарының негізінде, мұрынды қарауда және сұрақтарға жауапқа сүйеніп анықтайды.

Дәрігер мұрын сілемей қабатын зерттеу үшін арнайы жарық беретін аспапты қолданады. Егер қандай да бір ауадағы бөлікке аллергия болса, мұрын қуысының сілемей қабаты ісініп, солғын немесе көкшіл болады.

Дәрігер шаң кенеге аллергияны науқастың сипаттауына қарай қояды. Мысалы, ұйқтаған кезде немесе үйді жинау кезінде симптомдар ушығатын болса (шаң кене аллергендері уақытша ауада болғанда), науқаста шаң кенеге аллергия бар болғаны.

Егер үй жануары болса – аллергияның кең таралған бір көзі, аллергияның себебін анықтау қиын, әсіресе, бір бөлмеде ұйқтайтын болса. Аллергия көзі үйдегі мүмкін аллергендер деңгейін төмендету бойынша шараларды қабылдаудан кейін нақтырақ анықталады.


Емдеу шаралары және дәрілік препараттар

Аллергияны бақылаудың бірінші шарты - шаң кенелермен қатынасты мүмкіндігінше жою. Шаң кенелердің әсерін жойғанда, аллергияның көрінісі азаяды, немесе аллергиялық серпіннің симптомдары жеңілдейді. Дегенмен, қоршаған ортадан шаң кенелердің әсерін толығымен жою мүмкін емес. Симптомдарды бақылау үшін дәрілік препараттар қажет болуы мүмкін.


Аллергияға қарсы препараттар

Дәрігер мұрынмен тыныс алуға байланысты аллергия симптомдарын жеңілдету үшін келесі препараттар тобын тағайындауы мүмкін:

Антигистаминдік препараттар иммундық жүйенің аллергия кезінде белсенді болатын химиялық заттек өндіруін азайтады. Бұл препараттар қышуды, түшкіруді, мұрын ағуын азайтады. Фексофенадин (Аллегра), лоратадин (Алаверт, Кларитин), цетиризин (Зиртек) секілді көптеген антигистаминдік дәрілер, сондай-ақ, балаларға арналған антигистаминдік спрейлер де бар. Антигистаминдік препараттар мұрынға себетін (назальдық) спрей түрінде де болады.

Назальдық спрей түріндегі кортикостероидтар қабынуды азайтады, және аллергиялық қызбаның симптомдарын бақылайды. Назальдық кортикостероидтарда препараттың төмен дозасы болады және ішуге арналған кортикостероидтарға қарағанда жанама әсерінің пайда болу қаупі аз.

Ісінуге қарсы препараттар мұрын қуысындағы тіндердің ісінуін басып, мұрын арқылы кең тыныс алуға ықпал етеді. Кейбір аллергияға қарсы таблеткаларда антигистаминдік және ісінуге қарсы әсер біріктірілген. Ісінуге қарсы препараттар артериалдық қысымды арттыруы мүмкін, сондықтан, артериалдық қысым жоғары болса, глаукома және жүрек-қантамыр аурулары болса, оларды қолдануға болмайды. Қуық асты безінің гиперплазиясы болса, препарат жағдайды ушықтыруы мүмкін. Аталған препараттарды жанама әсерінің пайда болу қаупінсіз қолдану үшін дәрігермен кеңесіңіз.

Назальдық спрей түріндегі ісінуге қарсы препараттар аллергия симптомдарын қысқа уақытқа азайтуы мүмкін. Егер спрейді үш күннен артық қолданатын болсаңыз, ол мұрынның бітелуін ушықтыруы мүмкін.

Натрий кромогликаты иммундық жүйенің химиялық заттектерді өндіруінің алдын алады және симптомдарды азайта алады. Бұл назальдық спрейді күніне бірнеше рет қолдануға болады, симптомдар пайда болғанға дейін қолдану аса тиімді. Натрий кромогликатының күрделі жанама әсерлері жоқ.

Лейкотриендер тежеуіштері иммундық жүйенің химиялық заттектерінің әрекет етуін тежейді. Олар монтелукаст (Сингуляр) атауымен таблетка түрінде тағайындалады. Оны қабылдаудың жанама әсерлері – жоғары тыныс алу жолдарының инфекциясы, бас ауыруы және қызба. Толқу сезімі немесе депрессия секілді мінез-құлықтың бұзылысы немесе көңіл-күйдің өзгеруі – сирек таралған жанама әсерлері.


Өмір салты және үй жабдығы

Шаң кенесінен арылу – аллергияны бақылаудың оңтайлы стратегиясы. Үйде шаң кенесін толығымен жоя алмағанмен, оны азайтуға болады. Келесі кеңестерді орындаңыз:

Аллергенсіз жапқыштарды қолданыңыз. Матрац пен жастықты шаң мен аллергенді тежейтін жапқыштармен қаптаңыз. Мұндай жапқыштар тығыз матадан жасалады, шаң кененің мекендеуін немесе олардың матрац пен жастықтан шығуының алдын алады. Кереуеттердің серіппесін аллергенге қарсы жапқыштармен жабыңыз.

Төсек жабдығын жеті сайын жуу қажет. Барлық төсек жапқыштарды кемінде, 54,40С ыстық суда 15 минут бойы жуу қажет. Егер төсек жапқыштарын ыстық суда жуу мүмкін болмаса, шаң кенесін жою үшін оларды кемінде 54,40С температурада 15 минут бойы құрғатқышта ұстау қажет. Одан кейін аллергендерді жою үшін шайып, кептіру қажет. Жууға жарамайтын заттарды 24 сағат бойы мұздату шаң кенесін жойғанмен, аллергендерді жоймайды.

Ылғалдылық төмен деңгейде болуын қадалағаңыз. Үйде кемінде, 50 пайыз салыстырмалы ылғалдылықты қолдау қажет. Ауаны құрғатқыш немесе кондиционер төмен ылғалдылықты сақтауға көмектеседі, гигрометрдің көмегімен ылғалдылық деңгейін өлшеуге болады.

Төсек жабындысын дұрыс таңдау қажет. Шаңды жеңіл жинайтын және тазалануы қиын жапқыштарды қолданбаңыз.

Жұмсақ ойыншықтардың жуылатын түрін алыңыз. Оларды ыстық суда мұқият және жиі жуыңыз. Сонымен қатар, жұмсақ ойыншықтарды кереуетте қалдырмаңыз.

Ұдайы шаң сорғышты қолданыңыз. Кілемді және жұмсақ жиһазды шаң сорғышпен тазарту олардың бетінен шаңды сорады, бірақ, шаң кенелері мен аллерген кенелерін жоюда тиімді емес. шаң сорғыштан шығатын үй шаңын азайту үшін қос қабатты микрофильтрлі қалташығы бар немесе жоғары тиімділікті ауа бөлшектері бар фильтрлі шаң сорғышты қолданыңыз. Егер ауыр аллергияңыз болса, шаңсорғышпен үй жинап жатқан бөлмеден шығыңыз. Шаңсорғышпен үй жинағаннын кейін екі сағатқа дейін бөлмеге кірмеңіз.

Үйді мұқият таза ұстаңыз. Шаң жиналса, шаң кенелері де жиналады. Ұсақ-түйек заттарды, үстелге қоятын безендіру құралдарын, кітап, газет-журналдарды ұйқтайтын бөлмеден шығарыңыз.

Кілемді, басқа да шаң кене мекендейтін заттарды шығарыңыз. Кілем жабындылар шаң кене мекендеуі үшін оңтайлы орта. Әсіресе, кілем жабынды бетонда орналасатын болса, ол ылғалды жеңіл ұстайды және шаң кенесі үшін ылғал ортаны қамтамасыз етеді. Егер мүмкін болса, кілемді жабындыны қолданбаңыз, оның орнына плитка, ағаш, линолеум немесе винилді еден жабындысын қолдану қажет. Ұйқтайтын бөлмеде жұмсақ жиһазды, жуылмайтын перделерді және шаң жинайтын көлденең жалюзиді ұстамаған жөн.

Пеш пен кондиционердегі медиа-фильтрдің жоғары тиімділігін орнатыңыз. Пайдалы әсер коффициенті кемінде, 11 немесе 12 болатын фильтрді іздеңіз және үйде ауа фильтрін құру үшін желдеткішті қалдырыңыз. Фильтрді әр 3 ай сайын міндетті түрде ауыстырыңыз.


Ақпарат көзі: АҚШ Ұлттық денсаулық институттарының мәліметтер қоры: http://www.mayoclinic.com/health/dust-mites/DS00842/METHOD=print

Аудармашы: Асель Стамбекова, HealthСity жобасының дербес үйлестірушісі

Редакциялық алқа:

Алмаз Шарман, медицина профессоры

Ләзат Ақтаева, м.ғ.д.

Сәлім Смайылов, б.ғ.к.