Мазмұны
Аурудың пайда болу себептері қандай?
Жыныстық мүшенің қисаюында не істеуге болады?
Оперативтік емдеу көмектеседі ме?
Пейрони ауруы – бұл жыныстық мүшенің қисаюымен сипатталатын ауру. Кейбір ерлерде Пейрони ауруы жеңіл және симптомдарсыз өтеді. Ал басқаларда эрекция кезінде ауырсынудың пайда болуымен немесе эрекцияның бұзылысымен көрініс береді.
Ерлердің репродуктивтік жүйесіне жыныстық мүше, ұма, ұрықтық түтіктер және қуық асты безі жатады.
Аурудың пайда болу себептері қандай?
Жыныстық мүшенің қисаюы пенистің терісінің астында тыртықты тіннің қалыптасуының салдарынан пайда болады. Тыртықты тіннің пайда болу себебі зерттелмеген. Кейбір ерлерде ол жыныстық мүшенің жарақатынан кейін ұлғая бастайды. Тыртықты тін терінің астынан жоталанып немесе шағын төмпешіктер қатары түрінде шығып тұрады. Алғашқы бірнеше жылдың барысында ол қарқынды ұлғайып, жыныстық мүшенің қисаюының күшеюіне ықпал етеді. Қисаю эрекция кезінде аса айқын байқалады. Бірнеше жылдан кейін тыртықты тіннің өсуі тоқтайды, бірақ, жойылмайды.
Жыныстық мүшенің қисаюында не істеуге болады?
Пейрони ауруы толығымен жазылмайды. Кейбір ерлерге калий аминобензоаты немесе Е дәрумені секілді дәрілік препараттар көмектеседі. Калий аминобензоатын емдеуші дәрігер тағайындайды, ал Е дәруменін дәріханадан рецептісіз сатып алуға болады. Е дәруменін дәрігердің тағайындаған мөлшерінен артық қабылдамаңыз. Е дәруменінің үлкен мөлшері ауруды жазуға көмектеспейді. Сонымен қатар, калий аминобензоатын немесе Е дәруменін үлкен мөлшерде қабылдау бауырға зиянын тигізуі мүмкін. Калий аминобензоатын қабылдауда жүрек айнуы және тәбетті жоғалту пайда болуы мүмкін.
Емдеудің басқа нұсқасы – зақымдану ошағына дәрілік препараттың инъекциясын салу. Дәрігер препаратты тікелей тыртықты тінге енгізеді. Әдетте, дәрігер «верапамил» дәрілік препаратын енгізеді. «Верапамил» тыртықты тіннің бұзылуына ықпал етеді, сондай-ақ, зақымданудың жаңа ошақтарының пайда болуының алдын алады. Емдеу курсы, шамамен, 3 айға созылады.
Оперативтік емдеу көмектеседі ме?
Хирургиялық емдеу эректильдік қабілеті төмендеген және эрекция кезінде ауырсыну пайда болатын ерлерге ұсынылады. Бірнеше хирургиялық әдістеме бар. Емдеудің бір нұсқасы – жыныстық мүшені түзетуге арналған арнайы протезді қондыру. Ол сондай-ақ, ұзақ уақыт бойғы эрекцияны сақтауға көмектеседі. Басқа нұсқа – тыртықты тінді алып тастау. Дәрігер науқасқа хирургиялық емдеудің барлық мүмкін нұсқалары туралы түсіндіріп, қайсысы жарамды екендігін шешуге көмектеседі.