Мазмұны

Жалпы ақпарат

Себептері

Симптомдары

Диагностика

Емдеу

Аурудың болжамы

Мүмкін асқынулары

Қашан дәрігерге көріну қажет

Алдын алу


Жалпы ақпарат

Нефротикалық синдром — күнделікті несеппен ақуыздың көп мөлшерінің жоғалтылуымен, бүйрек шумақшаларының қызметінің бұзылуы салдарынан организмде үшглицеридтер және холестерин деңгейінің жоғары болуымен сипатталатын жағдай.

Nefroskz1

Несеп бөлу жүйесі бүйректен, несепағардан, үрпіден және несепқаптан (қуық) тұрады.

Nefroskz2

Бүйрек –жұпты ағза. Әр бүйректің тостақшасы, түбекшесі, өзектік және қабықтық заттегі бар. Бүйректің қан айналымы бүйрек арериясымен қамтамасыз етіледі, ал бүйрек венасы бүйректен веналық қанды шығарады. Бүйректе қан сүзіледі және организм қоқыстардан тазартылып, несеппен несепағар арқылы шығарылады. Сүзілудің бұзылысында нефротикалық синдром байқалуы мүмкін.

Нефротикалық синдром кез келген жаста пайда болады. Балаларда ауру 2-6 жас аралығында ке таралған. Бұл бұзылыс әйелдерге қарағанда ерлерде жиірек кездеседі.


Себептері

Әрқашан дерлік нефротикалық синдромның негізінде нефриттің (стрептококктан (микроб түрі) туындаған бүйрек ауруы) қандай да бір түрі жатады.

Синдромның жіті түрінің өзі біртіндеп басталады, алайда, синдромның дамуы туындатушы факторлардың бірінің әсер етуінде үдейді, мысалы, стрептококты баспада немесе басқа ауруда. Нефротикалық синдромның нақты осындай дамуын жіті атайды, себебі, барлық симптомдары тез көрініс береді.

Алайда, ауру көрінетін алғашқы белгілерінен біраз уақыт бұрын дами бастайды. Егер ауру біртіндеп ушығатын болса, бұл түрі жітілеу аталады.

Нефротикалық синдромның созылмалы барысы кезеңді қайталанбалы ауру саналады.

Ауру келесі аурулардың нәтижесінде пайда болуы мүмкін:

· Қант диабеті

· Генетикалық бұзылыстар

· Иммундық жүйенің бұзылыстары

· Инфекциялар (мысалы, жіті фарингит, гепатит немесе мононуклеоз)

· Қатерлі ісік.

Сондай-ақ, ауру дәрілердің кейбір түрін қолдану нәтижесінде пайда болуы мүмкін.

Нефротикалық синдром бүйректің келесі ауруларымен қатар пайда болуы мүмкін:

· Фокустық және сегменттік гломерулосклероз (бүйректің зақымдануы)

· Гломерулонефрит (гломерулалардың қабынуымен сипатталатын бүйрек ауруы)

· Мезангиокапиллярлық гломерулонефрит (гломерулонефриттің түрі)


Симптомдары

Нефротикалық синдромға шалдыққа науқастарға беттің және қабақтың ісінуі тән.

Алдымен қабақ, бет, бел аумағы мен жыныстық ағзалардың ісінуі пайда болды, одан кейін барлық тері астылық талшықтарға (тері астындағы май қабаты) тарайды, көбінесе, бүкіл дененің тері астылық талшығына тарайды.

Дене қуысында сұйықтық жиналуының маңызды белгісі:

· асцит (іш қуысында сұйықтық жиналуы);

· гидроторакс (плевра қуысында – өкпе мен қабырға арасындағы кеңістікте сұйықтық жиналуы);

· гидроперикард (перикард – жүрек орналасатын қоржында сұйықтық жиналуы).

Дистрофиялық (тіндердің қоректенуі бұзылысының салдарынан) терінің өзгерісі ұзақ уақыт болатын ісінуде пайда болады: құрғақтық, қабыршақтану, сызаттар, олар арқылы сұйықтық ағады.


Диагностика

Нефротикалық синдромға күмән болса, нефрологқа (бүйрек ауруларымен айналысатын маман) көріну қажет. Ол келесі талдауларды тағайындайды:

· қанның жалпы талдауы;

· қанның биохимиялық талдауы;

· тәуліктік несептегі ақуыз мөлшеріне талдау;

· бүйрек биопсиясы (бір немесе екі бүйректен тін бөлігін алу);

· бүйрек тінін цитологиялық зерттеу (жасушаларды зерттеу);

· бүйрек тінін морфологиялық зерттеу (тінді зерттеу).

Сондай-ақ, келесі зерттеулерді жүргізу қажет:

· электрокардиография;

· өкпе рентгенографиясы;

· ішкі ағзалардың кешенді ультрадыбыстық зерттеуі.


Емдеу

Нефротикалық синдромды емдеу мақсаты – аурудың ауырлығын азайту және бүйректі зақымдауға апаруы мүмкін асқынуының алдын алу.

Бұл кезде әдетте, ауруды туындатқан алғашқы себебін емдейді. Көбінесе, науқастарға өмір бойы емделуіне тура келеді.

Ауруды емдеу әдістері:

· бүйрек зақымдануы болмас үшін, артериалдық қысымды қалыпты деңгейде ұстау (130/80 мм рт. ст.) немесе одан төмен. Көбінесе, артериалдық қысымды азайту үшін ангиотензин-айналдырушы ферментті тежеушілер және ангиотензин-II рецепторларын басушылар қолданылады.

· Науқасқа иммундық жауапты басатын және азайтатын гормондар (кортикостероидтар) және басқа препараттар тағайындалуы мүмкін.

· Қандағы холестерин деңгейін азайту жүректе және жүрек тамырларында мәселелер пайда болу ықтималдығын азайтады. Кейбір науқастарға қандағы холестерин және үшглицеридтер деңгейін азайту үшін дәрі қабылдау қажет болады.

· Тұзы аз емдәм қол-аяқтың ісінуін азайтуға көмектеседі. Несеп айдайтын құралдарды (диуретик) қабылдау да ісінуді азайтуға ықпал етеді.

· Ақуыздың мөлшері аз емдәмді тұтыну да науқастың жағдайын жақсартуға ықпал етеді.

· Науқасқа Д дәрумені тағайындалуы мүмкін, егер нефротикалық синдром ұзақ уақыт байқалса және емдеуге көнбейтін болса.

· Тромбы түзілуінің алдын алу үшін науқасқа қан ұюына қарсы препараттар (антикоагулянттар) тағайындалуы мүмкін.


Аурудың болжамы

Емдеу нәтижелері әр науқаста әр түрлі болады. Ауру жіті және қысқа мерзімді болуы мүмкін, немесе созылмалы және емдеуге көнбеуі мүмкін. Емдеу барысында пайда болуы мүмкін асқынулар да оның тиімділігіне әсер етеді.

Кейбір жағдайда науқастарға диализ (қаннан қоқыстарды шығаратын жасанды бүйрек аппараты) және бүйрек алмастыру қажет болады


Мүмкін асқынулары

· Бүйректің жітілеу жеткіліксіздігі

· Атеросклероз және онымен байланысты жүрек аурулары

· Бүйректің созылмалы ауруы

· Сұйықтық мөлшерінің артуы, жүректің іркілісті жеткіліксіздігі, өкпенің ісінуі

· Инфекциялар, оның ішінде, пневмококктық пневмония

· Тамақтанудың бұзылысы

· Бүйрек венасының тромбозы.


Қашан дәрігерге көріну қажет

Нефротикалық синдромның симптомдары байқалса, дәрігерге көрініңіз.

Келесі жаңа симптомдар пайда болса, дәрігерге көрініңіз:

· жөтел

· неептің сирек жүруі

· несеп жүргендегі жайсыздық

· ысыну

· күшті бас ауруы

· бөріткен.

Жаңа симптомдар пайда болса, жедел жәрдемді шақырыңыз.


Алдын алу

Нефротикалық синдромға ықпал еткен ауруларды емдеу аурудың қайталануының алдын алады.

Ақпарат көзі: АҚШ Ұлттық денсаулық институттарының мәліметтер қоры: http://www.nlm.nih.gov/medlineplus/ency/article/000490.htm