Мазмұны

Менопауза дегеніміз не?

Менопаузаның жиі кездесетін симптомдары қандай?

Келесі симптомдар болса, дәрігерге көрініңіз

Менопауза қашан пайда болады?

Гормондық алмастыру емдеуі дегеніміз не?

Басқа емдеу әдістері бар ма?

Фитоэстрогендер дегеніміз не?

Емдәм ұстану ұйқының сапасына әсер етеді ме?

«Ысыну» кезіндегі жәрдем

Менопауза сүйектің саулығына қалай әсер етеді?

Менопауза жүректің саулығына қалай әсер етеді?

Менопауза қандағы темірдің деңгейіне қалай әсер етеді?

Дәрігерге қойылатын сұрақтар


Менопауза дегеніміз не?
Менопауза – әйелдерде етеккірдің толығымен тоқтауы. Ол аналық бездің қызметінің өшуінде және әйелдердің жыныстық гормондары - эстроген мен прогестеронның өндірілуінің азаюында пайда болады. Бұлар етеккір айналымын реттейтін гормондар. Менопауза орнауының уақыты әр түрлі, қалыпты жағдайда 40-59 жаста болды. Менопауза – бірнеше жылға созылатын, біртіндеп өтетін үрдіс.

Пременопауза – менопаузаға дейін 3-5 жыл уақыт кезеңін сипаттайтын термин.


Менопаузаның жиі кездесетін симптомдары қандай?

Кейбір әйелдерде етеккір тоқтауында симптомдар болмайды. Ал әйелдердің көпшілігінде кейбір келесідей симптомдар болады:

Етеккір айналымының бұзылысы. Бұл менопауза симптомдарының алғашқыларының бірі. Етеккір жиірек болып немесе бір мезгіл болмауы мүмкін. Етеккірлік қан кетуі әдеттегіден көп немесе аз болуы мүмкін.

Ысынулар. Ысынулар - менопаузаның жиі кездесетін симптомы. Ысынулар дененің жоғарғы жартысында және баста кейде пайда болатын қызыну сезімі. Бұл кезде тері қызарып, тершеңдік пайда болады. Жүрек айнуы және бас айналуы, бас ауыруы және жүрек соғуының жиілеуі сезілуі мүмкін.

Қынап ішінің құрғақтығы. Менопауза кезінде және одан кейін қынаптың (іншектің) және жыныстық ағзалардың терісі жұқарады. Қынап (іншек) жыныстық қозу кезінде бөлінді өндіру қабілетін жоғалтады. Бұл өзгерістер жыныстық қатынас кезіндегі ауырсынудың пайда болуына апаруы мүмкін. Жыныстық қатынас кезіндегі ауырсынуды азайту үшін су негізіндегі лубрикант (ылғалдандырғыш) немесе қынап аумағына ылғалдандыратын крем қолдануға болады.

Сондай-ақ, құрамында эстроген бар қынаптық кремді қолданудың артықшылығы мен қауіптері туралы дәрігермен кеңесуге болады.

Несеп шығару жолдарының аурулары. Менопауза кезінде және одан кейін әйелдер несепқап пен несеп шығару жолдарының инфекциясына бейім болады. Несеп шығару жиілесе, немесе несеп шығаруда немесе несеп кешігуінде күйдіру сезімі болса, дәрігерге көрініңіз.

Бас ауыруы, түнгі тершеңдік, ұйқыдағы мәселелер, шаршау және басқа симптомдар. Менопауза кезінде ұйқыға кетуде немесе ұйқыда мәселелер болады. Түнгі тершеңдіктен оянуыңыз мүмкін. Ұйқының тез фазасы бұзылуы немесе болмауы мүмкін, сондықтан шаршау және күйгелектену сезімі пайда болады.
Салмақтың артуы. Көптеген әйелдер менопауза кезінде салмақ қосады. Салауатты емдәм және ұдайы дене жүктемесі сымбатты сақтауға көмектеседі.


Келесі симптомдар болса, дәрігерге көрініңіз:

  • Етеккір айналымының бұзылыстары
  • Көп қан кетуі
  • Етеккірдегі қан кетуінің ұзаруы
  • Етеккір 3 аптадан жиірек болады
  • Жыныстық қатынастан кейін қан кетуі
  • Етеккір аралық кезеңдегі кез келген қанды бөліністер


Менопауза кезінде көңіл-күй симптомдары пайда болады ма?

Көптеген әйелдерде менопауза кезінде көңіл-күй симптомдары болады. Оларға түңілу, үрейлену және көңіл-күй өзгерісі жатады. Кейбір әйелдерде симптомдар күрделі болуы мүмкін. Егер көңіл-күй симптомдары пайда болса, дәрігермен кеңесу қажет.


Менопауза қашан пайда болады?

Менопауза орнауының уақыты әр әйелдерде әр түрлі болады. Шамамен алғанда, пенопауза 51 жаста орын алады. Қалыпты саналатыны 49-59 жас аралығында. Әйелдерде менопауза көбінесе, анасында болған жасында болады. Егер етеккір ерте тоқтаса (40 жасқа дейін), дәрігер қан талдауын тағайындайды, бұл етеккір айналымының бұзылысымен өтетін басқа ауру еместігін, менопауза екендігін анықтау үшін қажет.

Менопауза – бірнеше жылға созылатын, біртіндеп өтетін үрдіс. Егер етеккір қатарынан 12 ай бойы болмаса ғана менопауза туралы айтуға болады. (Осы кезде жүктілікті қаламаған жағдайда контрацепция әдістерін қолдану қажет).

Аналық безді оперативтік алып тастаған жағдайда әйелдерде «хирургиялық» менопауза орын алады. Жатыр алып тасталса, аналық без сақталса, әйелде етеккір тоқтайды, бірақ, «хирургиялық» менопауза болмайды.


Гормондық алмастыру емдеуі дегеніміз не?

Гормондық алмастыру емдеуі (ГАЕ) – менопауза симптомдарын емдеуге арналған синтетикалық гормондарды тағайындау арқылы өтетін емдеу әдісі. ГАЕ кезінде эстроген жеке немесе прогестерон гормонымен бірге тағайындалады. Кейбір әйелдердің айтуынша, ГАЕ кезінде ысыну, қынаптың құрғақтығы, несеп шығаруға қатысты басқа мәселелер секілді симптомдар жеңілдейді. Бірақ, бұл емдеу барлық әйелдерге жарамды емес. Жаңа зерттеулерге сай, кейде ГАЕ кезіндегі қауіптер оның артықшылығынан асады. ГАЕ артықшылығы мен қауіптері туралы дәрігермен кеңесіңіз.


Басқа емдеу әдістері бар ма?

Иә. Эстрогені бар крем, антидепрессанттардың аз мөлшері, соя өнімдері және кейбір өсімдік тектес қоспалар менопауза симптомдарын жеңілдетеді. Бұл нұсқалар туралы дәрігермен кеңесіңіз.


Фитоэстрогендер дегеніміз не?

Фитоэстрогендер –кейбір дәнді дақылдарда, көкөністерде, аскөгінде, үрме бұршақта және басқа бұршақ тұқымдастарда болатын өсімдік тектес заттектер. Олар организмде эстрогеннің ролін атқарады. Ғалымдар кейбір менопауза симптомдарын жеңілдету үшін фитоэстрогендер қолданылуы мүмкіндігін зерттеуде. Сондай-ақ, осы заттектерден болатын жанама әсерлер де зерттелуде.

Көптеген соя өнімдері, мысалы, тофу, темпе және соя жаңғақтары – фитоэстрогеннің көзі. Кейбір зерттеулерге сай, соя өнімдері әйелдерде менопаузадан кейін ысынуды азайтуы мүмкін. Дегенмен, бұл зерттеулердің нәтижелері нақты болмауы мүмкін.

Қазіргі кезде менопауза симптомдарын жеңілдету үшін фитоэстрогені бар шөптерді, олардың негізіндегі таблеткалар мен кремдерді қолдану үшін ғылыми деректер жеткіліксіз. Сондай-ақ, осы өнімдерді қолданумен байланысты қауіптер де толық зерттелмеген. Кейбір шөптер және қоспалар дәрілік препараттармен бірге зиянды болуы мүмкін. Кез келген табиғи және шөп өнімдерін симптомдарды жеңілдету үшін қолдануды жоспарлауда алдын ала дәрігермен кеңесу қажет.

Менопауза кезінде белгілі бір өнімдерді немесе сусындарды қабылдауды шектеу қажет пе?

Егер ысыну орын алса, ащы немесе ыстық тағамды, сусынды тұтынуды шектеу қажет. Алкоголь қабылдау да ысынуды туындатады. Одан басқа, алкоголь сүйектің өсуі мен кальцийдің сіңірілуіне кедергі келтіреді. Менопаузадағы әйелдерге алкогольді тұтынбау немесе шектеу қажет.


Емдәм ұстану ұйқының сапасына әсер етеді ме?

Келесі кеңестер ұйқыға қатысты мәселелерді жоюға көмектеседі:

  • Тағам қабылдау ұдайы және белгіленген уақытында болуы тиіс.
  • Түнге қарай тамақ ішуден және түнгі бір асардан алшақ болу қажет.
  • Кофеде, шәйда, шоколадта және колада болатын кофеинді шектеңіз. Кофеин қанда 6 сағат бойы сақталады және ұйқыдағы мәселеге апарады.
  • Алкоголь тұтынудан алшақ болыңыз. Алкогольден ұйқы басуы сезіледі, бірақ, ол ұйқының тез және баяу фазасына әсер етеді. Бұл түнде оянуға апарады.



«Ысыну» кезіндегі жәрдем

  • Салқын бөлмеде ұйқтаңыз.
  • Ыстықтаған кезде киімді жеңіл шешетіндей етіп киіну қажет.
  • «Тыныс алатындай» мақта матадан немесе табиғи матадан киім кию қажет, осылайша, қызынудан алшақ боласыз. Төсекке мақта маталы жабынды салыңыз.
  • «Ысынуда» салқын су немесе басқа сусынды ішіңіз.
  • Дене жүктемесін арттырыңыз.
  • Ысынудың себебін анықтап, осы факторлардан алшақ болыңыз. Ащы тамақ, алкоголь, тар киім және ыстық ылғал ауа райы осыларға жатады.



Менопауза сүйектің саулығына қалай әсер етеді?

Әйелдің жасы артқан сайын остеопороз даму қаупі артады. Бұл қауіп менопауза кезінде артады. Менопауза кезінде эстроген деңгейінің азаюында сүйек тінінің ыдырауы оның қалпына келуінен артық болады. Бұл сүйекті әлсіз етеді, сынық қаупі артады. Сүйектің мықтылығын қолдау үшін тамақпен кальций мен Д дәруменінің мол мөлшерін тұтыну маңызды. Д дәрумені организмге кальцийді сіңіруге көмектеседі.

Дәрігер тамаққа құрамында кальций бар өнімді немесе кальций препарарттарын қабылдауды ұсынуы мүмкін. Сондай-ақ, организмде кальций жақсы сіңуі үшін Д дәруменін тағайындайды. Өзіңізге кальций мен Д дәруменінің қандай мөлшерін қабылдау қажеттігін дәрігерден сұраңыз.

30-50 жас аралығындағы әйелдер үшін кальцийдің тәуліктік нормасы - 1000 мг. 50 жастан асқан әйелдер үшін күніне 1200 мг кальций қажет. Сүт, йогурт, басқа сүт өнімдері - кальцийдің жақсы көзі. Соя бұршақтары, брокколи және тофу да оған жатады.

30-70 жас аралығындағы әйелдер үшін Д дәруменіне тәуліктік қажеттілік, кемінде, 600 халықралық бірлікті (МЕ) құрайды. 70 жастан асқан әйелдер күніне Д дәруменін 800 МЕ мөлшерінде қабылдауы қажет. Майлы балық, албырт және тунец секілді, - Д дәруменінің жақсы көзі.


Менопауза жүректің саулығына қалай әсер етеді?

Менопаузадан кейін әйелдер жүрек ауруларының дамуына бейім келеді. Организмде эстрогендер деңгейінің төмендеуімен қатар денсаулыққа қатысты басқа да мәселелер пайда болуы мүмкін. Оған жататындар – дене салмағының артуы, аз қимылды өмір салты, артериялық қысымның артуы немесе қант диабеті. Денсаулыққа қатысты осы мәселелердің даму қаупін азайту үшін тамаққа қоректік заттектерге бай, алуан түрлі тағам өнімдерін тұтынып, белсенділік пен салауатты салмақты қадағалау қажет.


Менопауза қандағы темірдің деңгейіне қалай әсер етеді?

Егер етеккір сақталса, олар мол келетін болса, немесе етеккір арасында қан кетуі болса, сіз организмде темір деңгейінің төмендеуіне бейім боласыз. Бұл анемияға апаруы мүмкін. Тамаққа кемінде, 3 өнімді тұтыну арқылы осы микроэлементтің жеткілікті мөлшерін жеткізуге болады. Темірдің мол мөлшері саумалдықта, үрме бұршақта және етте болады. Сондай-ақ, дәрігер темір препараттарын тағайындайды.


Дәрігерге қойылатын сұрақтар

  • Симптомдар менопауза келуін куәландырады ма?
  • Етеккір айналымы ұдайы емес. Қандай симптомдар ұдайы еместіктің басқа ауру емес, менопауза екендігін көрсетеді?
  • Ыңғайсыздық және/немесе нашар сезіну орын алған. Симптомдарды қауіпсіз емдеудің тәсілі бар ма?
  • Соя өнімдері және өсімдік тектес қоспалар симптомдарды жоюға көмектеседі деген пікір бар. Олар тиімді ме? Маған жарамды ма?
  • Мен гормондық алмастыру емдеуін өте аламын ба?
  • Гормондық алмастыру емдеуінің қауіптері мен артықшылықтары қандай?
  • Менде жүрек ауруы мен остеопороздың даму қаупі бар ма?
  • Тексеруден өту қажет пе, мысалы, сүйектің денситометриясын?
  • Емдәмге және жаттығулар жоспарына қандай өзгерістер енгізу қажет?