Мазмұны
Сары дақтың бұзылысы – орталық көрудің біртіндеп баяу түрде нашарлауына апаратын көз ауруы. Нәтижесінде, ұсақ бөліктерді ажырату және оқу қиынға түседі.
Ауру 60 жастан асқан аламдарда жиі кездеседі, сондықтан, оны сары дақтың жасқа байланысты бұзылысы атайды.
Сары дақтың бұзылысы – торқабықтың ауруы, ол кезде көздің артқы бетінде орналасқан макула (сары дақ) зақымданады. Макула орталық көрудің айқындылығы үшін жауапты және адамға ұсақ бөліктерді ажыратуға мүмкіндік береді. Сары дақтың бұзылысының екі түрі бар: құрғақ және ылғалды. Сары дақтың бұзылысының құрғақ түрі жиі кездеседі және торқабықтың жұқаруымен, сондай-ақ, «друз» аталатын – торқабықта түзілетін, бұзылатын тіннен тұратын шағын ақ-сары дақтардың пайда болуымен сипатталады. Бұзылыстың құрғақ түрі әдетте, жеңіл өтеді. Бұзылыстың ауыр түрі тезірек және ауыр өтеді. Бұл дерттік жағдай қантамырлардың қанталауының пайда болуымен және орталық көрудің өзгерісімен, ақ дақтардың түзілуімен, торқабық жасушаларының тіршілігін жоюымен сипатталады. Ауру 50 жастан асқан адамдардың арасында кең таралған.
Торқабық – көздің ішкі қабықшасы. Ол жарықты және біз көретін заттардың бейнесін миға жіберетін нерв сигналдарына түрлендіреді. Торқабықтың сары дақ аталатын бөлігі бейнелеуді айқын және толық етеді.
Сары дақтың жасқа байланысты бұзылысы оны қамтамасыз ететін қантамырларының зақымдануында пайда болады. Осы өзгерістердің нәтижесінде макула зақымданады.
Сары дақтың жасқа байланысты бұзылысының екі түрі болады:
- Құрғақ түрі макуланың астындағы қантамырларының жұқаруы мен сынғыштығы кезінде пайда болады. Бұл кезде «друз» аталатын шағын сары түзілістер қалыптасады. Барлық адамдарда сары дақтың бұзылысы құрғақ түрінен басталады.
- Ылғалды түрі осы ауруға шалдыққан адамдардың шамамен, 10%-да болады. Макуланың астында жаңа, ауытқулы және аса нәзік, сынғыш тамырлардың өсуі басталады. Осы тамырлар бойынша қан және сұйықтық ағады. Көруді жоғалтудың көпшілік жағдайлары сарық дақтың бұзылысының осы түрімен байланысты.
Осы уақытқа дейін ғалымдарға сары дақтың жасқа байланысты бұзылысының нақты себебі белгісіз. Аурудың 55 жасқа дейін дамуы сирек. Көбінесе, 75 жастан асқанда жиі кездеседі.
Сары дақтың жасқа байланысты бұзылысының қауіп факторлары:
- Отбасы мүшелерінде аурудың даму жағдайлары болса
- Еуропалық нәсіл
- Темекі шегу
- Майлы тағамнан тұратын емдәм ұстану
- Әйел жыныстылар.
Аурудың басында симптомдар болмауы мүмкін. Ауру асқынған кезде орталық көрудің бұзылысының белгілері пайда болады.
Сары дақтың жасқа байланысты бұзылысының құрғақ түрінің симптомдары
Бұзылыстың құрғақ түрінің жиі кездесетін симптомы – көрудің бұлдырауы. Нысандар бұлдырап, түстер –солғын болып көрінеді. Ұсақ бөліктерді қарағанда және оқығанда қиындықтар пайда болады. Бірақ, күнделікті басқа жұмыстардың көпшілігін орындағанда көру қалыпты болады.
Бұзылыстың құрғақ түрінің симптомдарының ушығуында оқу немесе күнделікті тіршілікті орындау үшін көбірек жарық қажет болуы мүмкін. Торқабықтың ортасындағы бұлдыр дақ біртіндеп артады және қошқыл түске ие болады.
Бұзылыстың құрғақ түрінің кейінгі сатыларында алыстан бет пішінді ажырату қиынға түседі.
Сары дақтың жасқа байланысты бұзылысының ылғалды түрінің симптомдары
Бұзылыстың ылғалды түрінің кең таралған симптомы – тік сызықтардың қисайып, немесе толқынданып көрінуі.
Көру аумағының ортасында шағын қошқыл дақ пайда болып, уақыт өте үлкейеді.
Орталық көруді жоғалту сары дақтың жасқа байланысты бұзылысының екі түрінде де тез пайда болуы мүмкін. Осылай болған жағдайда дереу офтальмологқа көріну қажет. Дәрігердің торқабық ауруларын емдеудегі тәжірибесі болуы шарт.
Науқастың көзінің түбі тексеріледі. Қарашықты кеңейту үшін көзге тамшы тамызылады. Торқабықты, қантамырларын және көру нервісін тексеру үшін офтальмолог арнайы линзаларды қолданады.
Дәрігер макуланың, қантамырларының, друздың телімді өзгерістерін іздейді.
Науқасқа бір көзін жауып, Амслер торы арқылы тік сызықтардың бейнесіне қарау ұсынылады. Егер олар толқынды болып көрінсе, бұл сары дақтың жасқа байланысты бұзылысының белгісі саналады.
Тексерудің басқа әдістері:
- Торқабықтағы қан ағымын зерттеу үшін арнайы бояғыштар мен камераларды қолдану (флуоресценттік ангиография)
- Көздің ішкі қабықшасын фотоға түсіру (көзің түбін фотоға түсіру)
- Торқабықты тексеру үшін жарық толықындарын қолдану (оптикалық когеренттік томография)
Көптеген жағдайларда сары дақтың жасқа байланысты бұзылысының құрғақ түрін емдеудің қажеті жоқ.
Сары дақтың жасқа байланысты бұзылысының бастапқы сатысында темекі шегу секілді зиянды әдет болмаса, белгілі бір дәрумендерді, антиоксидант пен мырышты бірге қолдану аурудың асқынуының алдын алады, бірақ, көруді қалпына келтірмейді.
Кейде AREDS емдік дәрумендік формуласы ұсынылады, оған кіретіндер:
- С дәруменінің 500 мг
- бета-каротиннің 400 МЕ
- мырыштың 80 мг
- мыстың 2 мг
Дәрумендердің осы бірігуін дәрігердің ұсынысы бойынша қабылдау қажет. Дәрігер науқастың қабылдап жүрген басқа дәрумендері немесе қоспалары туралы білуі тиіс. Темекі шегетіндерге бұл қоспаны қабылдаудың қажеті жоқ.
AREDS отбасында бұл аурудың болуы жағдайында көмектесе алады.
AREDS формуласына кірмесе де, лютеиннің және зеаксантиннің қоспалары да пайдалы болады.
Сары дақтың жасқа байланысты бұзылысының ылғалды түрінде дәрігер ұсынады:
- Лазерлік хирургияны (лазерлік коагуляция) – жарықтың шағын лазерлік сәулесінің әсер етуімен дертті тамырларды бұзу және олардағы қан кетуін тежеу.
- Фотодинамикалық емдеу – қанталайтын тамырларды бұзу үшін организмге енгізілетін және жарықпен белсендірілетін арнайы препаратты қолдану.
- Жаңа қантамырларының қалыптасуының алдын алу үшін көзге енгізілетін арнайы дәрілік препараттарды қолдану (бұл ауырсынбайтын үрдіс).
Көруі нашарлаған адамдар үшін арнайы оптикалық жабдықтар (линза секілді) көруді тиімді қолдануға және өмір сапасын жақсартуға көмектеседі.
Ұдайы офтальмолог-дәрігерге көріну аса маңызды.
Сары дақтың жасқа байланысты бұзылысының құрғақ түрінде офтальмолог-дәрігерге жылына бір рет көзді толық тексеру үшін бару қажет.
Ылғалды түрінде дәрігерге ай сайын бару қажет болуы мүмкін.
Көрудің бұзылыстарын ерте анықтау аса маңызды, себебі, емдеуді ерте бастау жақсы нәтижелерге апарады.
Өзгерістерді анықтаудың жақсы тәсілі – үйде Амслер торының көмегімен өздігінше тестілеу. Офтальмолог тордың бейнесінің көшірмесін береді немесе ғаламтордан алуға болады. Оқуға арналған көзәйнекті киіп, әр көзді бөлек тексеру қажет. Егер сызықтар толқын болып көрінсе, дереу дәрігерге көріну қажет.
Сары дақтың жасқа байланысты бұзылысы шеткері көруге әсер етпейді. Бұл дегеніміз, көру толығымен жойылмайды. Ауру тек орталық көруді жоғалтуға апарады.
Сары дақтың жасқа байланысты бұзылысының құрғақ түрінің жеңіл өтуі әдетте, орталық көруді жоғалтуға апармайды.
Бұзылыстың ылғалды түрі көруді айтарлықтай жоғалтуға апарады.
Әдетте, сары дақтың жасқа байланысты бұзылысында науқас оқу, автокөлік жүргізу, қашықтан бет пішінді ажырату қабілеттерін жоғалтуы мүмкін. Бірақ, бұл ауруға шалдыққан көптеген адамдар күнделікті қызметін қиындықсыз орындай алады.
Егер науқаста сары дақтың жасқа байланысты бұзылысы болса, дәрігер күнделікті көруді Амслер торы арқылы тексеріп отыруды ұсынады. Сызықтар толқынды болып көрінсе, немесе көруде басқа өзгерістер байқалса, дереу дәрігерге көріну қажет.
Сары дақтың жасқа байланысты бұзылысының алдын алу тәсілі болмағанымен, салауатты өмір салтын ұстану аурудың даму қаупін азайтуға көмектеседі:
- Темекі шегуге болмайды
- Көкөністер мен жемістердің мөлшері жоғары, жануар майларының мөлшері төмен емдәмді ұстану қажет
- Ұдайы дене жаттығуларын орындау қажет
- Салауатты салмақты қолдау қажет.
Дәрігерге барып, ұдайы көздің түбін тексеріп отыру қажет.
Жасқа байланысты макулалық бұзылыс; жасқа байланысты макулодистрофия.