Мазмұны
Глоссит – тілді ісіндіріп және түсін өзгертетін, көбінесе, тілдің бетін тым тегіс ететін қабыну.
Тіл дәмді сезуге, асты жұтуға және шайнауға көмектеседі. Сөйлеу кезінде қолданамыз. Тіл көптеген бұлшық еттерден тұрады. Тілдің жоғарғы бетінде дәмдік рецепторлар бар.
Глоссит келесі себептерден пайда болады:
- Тіс пастасына, ауызды шаятын сұйықтыққа, тыныс алуды сергіткішке, кәмпиттің бояғышына, тіс протезінің пластигіне немесе артериалдық қысымнан қабылдайтын кейбір дәрілерге аллергиялық серпін
- Сілемей бөлінуінің бұзылысында ауыздағы құрғақтық
- Бактериялардан немесе вирустардан туындайтын инфекциялар
- Күйіктен, тістің кедір-бұдырлығынан, стоматологиялық шаралардан кейінгі зақымдану немесе басқа жарақаттардан кейін
- Қандағы темірдің (темір тапшылығы) немесе кейбір В тобы дәрумендерінің (мысалы, В12) төмен деңгейі
- Темекіден, алкогольден, татымдықтан тітіркеніс
- Ауыз қуысының зеңдік инфекциясы.
Глоссит келесі тері ауруларында пайда болады, мысалы:
- Қызыл тегіс теміреткі (бөріткенмен сипатталатын созылмалы қышитын тері ауруы)
- Көп түрлі эритема (инфекциялық-аллергиялық сипаттағы ауру, температураның көтерілуімен, дімкәстанумен басталады, және біраз уақыт өткеннен кейін ғана бөріткен пайда болады)
- Афтоздық ойықжаралар (шағын терең емес ойық жаралар, ауызда пайда болады және тамақ ішуді, сөйлеуді қиындатады)
- Қарапайым күлдіреуік (теріде және сілемей қабатта күлдіреудің пайда болуымен көрінетін ауру, күлдіреу таралып, қосылуы мүмкін)
- Мерез, т.б.
Глоссит тұқым қуалауы мүмкін.
Глосситте симптомдар алуан түрлі, көбінесе, аурудың себебіне және даму сатысына байланысты болады. Бірақ, әрдайым келесі белгілері болады:
- Тілдегі біркелкі емес, дақты өңез
- Ауыз қуысындағы түрлі тереңдікті және аумақты алатын ойықжаралар
- Түсінің өзгеруі (жалпы немесе жергілікті дақтар түрінде)
- Тілдің ісінуі, оның бүйір бетінде тістердің «ізінің» қалуы
- Тілдің қозғалғыштығының шектелуі
- Ауыздан иіс шығуы
- Сілемей бөлінуінің бұзылуы
Қарау нәтижесінде дәрігер (жалпы тәжірибе дәрігері, стоматолог, терапевт) тілдің немесе оның бөлігінің ісінуін анықтайды, оның бетінде тілдің бүртіктерінің болмауы мүмкін, науқасты басқа аурулары және өмір салты туралы сұрайды, диагнозды анықтау үшін қан талдауын тағайындайды.
Сырқаттың алғашқы белгілерінде дәрігерге көріну қажет. Ол аурудың себебін анықтап, сәйкес емдеуді тағайындайды. Емдеудің мақсаты – қабынуды азайту.
Механикалық жарақат кезінде стоматологта емделу қажет, сынған тістің өткір ұшы егеледі немесе протез дұрысталады. Ауыз қуысының жақсы гигиенасының маңызы зор. Тісті мұқият тазалау қажет, күніне, кемінде екі рет, күніне, кемінде, бір рет стоматологиялық жіпті қолданумен. Ауыз қуысын антисептикалық ерітінділермен шаю ұсынылады. Егер глоссит инфекциялық сипатта болса, антибиотиктер және зеңге қарсы препараттар тағайындалады. Емдәмді өзгерту анемияны және қоректік заттектердің тапшылығын емдеу үшін қолданылады. Тілдің тітіркенісін азайту үшін тітіркендіргіштерден алшақ болу қажет (мысалы, ыстық немесе ащы тағамды, алкоголь мен темекіні).
Глоссит әдетте, емдеуге жақсы көнеді, егер қабыну себебі анықталып, уақытылы емдеу басталса. Кейбір жағдайда глоссит күрделі ісінуге апарып, тыныс алу жолдарын тежеуі мүмкін.
- тыныс алу жолдарының тежелуі
- сөйлеу, шайнау немесе жұту кезіндегі қиындықтар
- жайсыздық
Дәрігерге хабарласыңыз, егер:
- глосситтің симптомдары 10 күннен артық созылады
- тілдің күшті ісінуі
- тыныс алу және сөйлеу аса қиындайды.
- Тыныс алу жолдарының бітелуі – төтенше жағдай, шұғыл медициналық жәрдемді қажет етеді.
Ауыз қуысының жақсы гигиенасы (Тісті мұқият тазалау, стоматологиялық жіпті қолданумен, ұдайы стоматологта кәсіптік тазалау) глосситтің алдын алуға көмектеседі. глоссит.