Мазмұны
Эпидемиялық паротит дегеніміз не?
Эпидемиялық паротиттің себептері қандай?
Аурудың алдын алу шаралары бар ма?
Эпидемиялық паротит дегеніміз не?
Эпидемиялық паротит (борықтану деп те аталады) - вирустық ауру, құлақ маңайындағы сілемей безінің қабынуын және ұлғаюын туындатады. Құлақ маңайындағы сілемей безі құлақ пен иектің арасында орналасады. Бұл бездер тамақты шайнауға және жұтуға көмектесетін сілемейді өндіреді. Аурудың ауыр өтуінде дертті үрдіске басқа ағзалар да қамтылады.
Борықтануға көбінесе, 2-12 жас аралығындағы, эпидемиялық паротитке қарсы егілмеген балалар ұшырайды. Бірақ, ауру кез келген жаста пайда болатындығын есте ұстау қажет.
Паротиттің айқын белгісі – сілемей бездің ісінуінен болатын беттің ісінуі. Бұл ісіну ауырсынады және кейде аурудың жалғыз белгісі болады. Ісіну әдетте, аурудың екінші күні пайда болып, 5-7 күн ішінде сақталады. Аурудың басқа да симптомдары:
- Беттегі ауырсыну
- қызба, алғашқы бірнеше күнде 39-40°С жетеді және 2-3 күн созылады
- қалтырау
- тәбеттің болмауы
- бас ауыруы
- тамақтың ауыруы
- самай тұсының немесе иектің ісінуі
Эпидемиялық паротитті емдейтін дәрілер жоқ. Ол өздігінше 2 аптада өтеді. Вирустық инфекция болғандықтан, антибиотиктер тағайындалмайды.
Сирек жағдайларда борықтану дененің басқа бөліктеріне тарауы және басқа күрделі ауруларға апаруы мүмкін. Бұл кезде аталық немесе аналық бездің, ұйқыбезінің және мидың ісінуі пайда болуы мүмкін. Сондай-ақ, естімеуге және менингитке (жұлын мен мидың қабығының қабынуы) апаруы мүмкін. Жүкті әйелдерде кейде түсікке апаруы мүмкін. Келесі симптомдар болса, дәрігерге көріну қажет:
- күшті бас ауыруы
- желке бұлшық етінің сіресуі
- көздің қызаруы
- ұйқы басуы
- іштің ауырсынуы
- құсу
- аталық бездегі ауырсыну және ісіну
Борықтану бар екендігіне күмән болса, жүкті әйелдер қандай да бір симптомдар болмаса да дәрігерге көрінуі қажет.
Құрысу пайда болса, дереу жедел жәрдемді шақыру қажет.
Эпидемиялық паротиттің себептері қандай?
Борықтану жұқпаланған сілемеймен таралатын вирустан туындайды. Бұл вирус суық тию секілді таралатындығын білдіреді. Мысалы, жұқпаланған адам қасыңызда болса, немесе ол ұстаған затты ұстасаңыз, және борықтануға қарсы егілмеген болсаңыз, ауруды жұқтыруыңыз мүмкін. Әдетте, аурудың симптомдары вируспен қатынастан кейін 12-24 күн өткенде байқалуы мүмкін. Бұл - инкубациялық кезеңі.
Егер өзіңіз немесе балаңыз борықтануға шалдықса, инфекцияның өздігінше өтуін тек бақылау ғана мүмкін. Жайсыздықты жеңу үшін кейбір шараларды орындауға болады:
- Ісінген жақтарға салқын немесе жылуды басу.
- Ауырсынуды және ісінуді басу үшін ацетаминофен немесе ибупрофен қабылдау. 18 жасқа дейінгі балаларға аспирин беруге болмиайды, ол Рейе синдромының дамуына апаруы мүмкін. Синдром Рейе – күрделі ауру, өлім-жітімге апаруы мүмкін.
- Организмнің сусыздануын болдырмас үшін сұйықтықты көп ішу қажет.
- Мұқият шайнауды қажет етпейтін, жұмсақ асты жеңіз.
- Сілемейдің бөлінуін арттыратын қышқыл өнімді тұтынудан алшақ болыңыз (мысалы, цитрустылар).
- Тамақты жылы тұзды сумен күніне бірнеше рет шайыңыз.
- Жемістік балмұздақты жеп көріңіз, тамақтың тітіркенуін басу үшін.
- Аталық бездің ісінуінде ұманы ұстап тұру үшін арнайы таңғышты киіп жүру қажет. Мұзды пакетті басу ауырсынуды азайтуға көмектеседі. Бедеулік секілді асқынуы сирек кездеседі.
- Симптомдардың пайда болған алғашқы 5 күнінде қоғамдық жерлер мен тығыз қатынастан алшақ болыңыз. Бұл кезде аса жұқпалы боласыз.
Әдетте, өмірінде бір рет борықтанумен ауырған адамда өмірлік иммунитет қалыптасады.
Аурудың алдын алу шаралары бар ма?
Иә. Қызамыққа, қызылшаға және эпидемиялық паротитке қарсы біріктірілген вакцина борықтану ауруына шалдығуды 80-90%-ға азайтады. Вакцинаның екі мөлшерлемесі тиімді. Бұл біріктірілген вакцина 12-15 айлық сәбилерге салынады. Егер сәбилер бір себепті егілмесе, 4-6 немесе 11-12 жасында егілуі қажет. Ешқашан егілу кеш емес. Қоғамдық жерде немесе денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтін болсаңыз, бұрын егілмесеңіз, міндетті түрде егілуіңіз қажет. Бұл мәселелер туралы әрдайым дәрігерден кеңес алуға болады.