Мазмұны
Диабеттік ретинопатия – 1 және 2 типті қант диабетінде көздің торқабығының дерттік өзгерістерінің бірі, ол, көбінесе, ауру басталғаннан кейін 5-10 жыл өткенде пайда болады.
Көз – сфера тәрізді көру ағзасы. Ол сұйықтыққа толы. Көз ұясы қабаттардан тұрады, олар көздің ішкі өзегін – әйнек тәрізді денені, көз бұршағын, сулы ылғалын қоршайды. Көз ұясының өзегін үш қабат қоршайды: сыртқы, ортаңғы және ішкі. Сыртқы – өте тығыз фиброздық қабық. Ол алдыңғы мөлдір қабықтан және артқы мөлдір емес бөлік - аққабықтан тұрады. Ортаңғы – көз ұясының тамырлы қабығы. Ол қантамырларына, пигменттерге бай және нұрқабықпен , кірпік денесімен және тамырлы қабықшаның өзінен тұрады. Ішкі торқабық – көру анализаторының рецепторлық бөлігі, бұл жерде жарықты қабылдау өтеді.
Адам қант диабетімен көп ауырған сайын диабеттік ретинопатияның пайда болу ықтималдығы жоғары. Науқастардың 40-45 пайызға жуығы диабеттік ретинопатияның қандай да бір сатысынан зардап шегеді.
Жүктілік кезінде диабеттік ретинопатия диабетке шалдыққан әйелдерде күрделі мәселелер туындатуы мүмкін. Диабеттік ретинопатиямен қатар қант диабеті катаракта, глаукома секілді ауруларды туындатуы мүмкін.
Ауру көздің торқабығының қантамырларындағы өзгерістердің салдарынан пайда болады. Науқастардың бір бөлігінде диабеттік ретинопатия көзден сұйықтықтың ағуымен және торқабықтың ісінуімен көрініс береді, ал кейбір науқастарда торқабықтың бетінде қалыпсыз қантамырларының өсуі басталады.
Диабеттік ретинопатия төрт сатыда дамиды:
- Ретинопатияның пролиферативтік емес жеңіл түрі. Торқабықта микроаневризма (ұсақ тамырлардың кеңеюі) пайда болуымен сипатталады.
- Ретинопатияның пролиферативтік емес орташа түрі. Әрі қарай ауру ушыққан сайын көздің торқабығын қоректендіретін кейбір қантамырлар тежеледі.
- Ретинопатияның пролиферативтік емес ауыр түрі. Бұл сатыда көптеген қантамырлары тежелген, торқабықтың қалыпты қанайналымы бар бірнеше аумағы ғана қалады. Осы аумақтар торқабыққа қоректік заттектердің бұрынғы ағымын қалпына келтіруде организмде жаңа қантамырлары өсе бастауы үшін сигнал жібереді.
- Пролиферативтік ретинопатия. Бұл аурудың соңғы сатысы. Мұнда жаңа қантамырларының жаппай өсуі өтеді. Сұйықтық торқабықтың қалыпсыз, жұқа тамырларынан макулаға (торқабықтың ортасы) түседі, ол көрудің фокустелуіне жауап береді, бұл алдымен ісінуді туындатады, содан кейін көруде бұзылыстар пайда болады, көрмей қалуға дейін.
Көруі қалыпты адамға көрінетін көріністің бейнесі Диабеттік ретинопатиясы бар науқастың көруі
Көбінесе, диабеттік ретинопатия симптомсыз өтеді, әсіресе, аурудың ерте сатысында. Бастапқыда науқас қанның бөліктерін, немесе көз алдында қалқитын әдеттегі дақтарды көреді.
Кейде дақтар емдеусіз өтеді, ал науқастың көруі жақсара бастайды. Дегенмен, қан кетуі қайталануы және көрудің бұлыңғырлануына және жағдайдың нашарлауына апаруы мүмкін.
Емдемеген жағдайда пролиферативтік ретинопатия көруді едәуір жоғалтуға, тіпті, көрмей қалуға апарады. Емдеу неғұрлым ерте басталса, тиімділігі соғұрлым жоғары болатындығын білу қажет.
Диагностика офтальмологиялық талдаулар арқылы жүзеге асырылады:
- Көруді анықтау тесті – арнайы кестенің көмегімен науқастың көргіштігін анықтау.
- Кеңейтілген қарашық кезіндегі офтальмоскопия. Науқастың көзіне қарашығын кеңейту үшін арнайы тамшылар тамызылады. Бұл офтальмологқа көздің ішкі бөлігін көруге және диабеттік ретинопатияға нұсқайтын белгілердің болуын тексеруге мүмкіндік береді.
- Тонометрия – арнайы құралдың көмегімен көздің қысымын өлшеу. Бұл тестіні өткізу үшін дәрігер арнайы тамшыларды қолдануы мүмкін.
- Флюоресценттік ангиография– көздің торқабығын зерттеудің көрнекі әдісі. Науқасқа көктамыр арқылы арнайы бояғыш енгізіледі, ол торқабықтың қантамырларына түседі, осыдан кейін дәрігер бейнелерді түсіреді.
Аурудың алғашқы сатыларында науқаста сары дақтың ісінуі болмаса, емдеу қажет болмайды. Аурудың әрі қарай дамуының алдын алу үшін қант диабетімен ауыратын науқастарға қандағы қант деңгейін, артериалдық қысымды және қандағы холестерин деңгейін мұқият бақылау қажет. Диабеттік ретинопатияның ерте сатысындағы науқастар емдеуге мұқтаж болмайды, бірақ, олар көруіндегі өзгерістерді мұқият қадағалауы және офтальмологта ұдайы тексерілуі қажет. Егер офтальмолог көздің торқабығында жаңа тамырлардың өсуін немесе сары дақтың ісінуін байқаса, емдеу қажет болады. Көз хирургиясы - диабеттік ретинопатияны емдеудің негізгі әдісі. Лазерлік хирургия – көздің торқабығында жаңа тамырлардың өсу тұсында шағын күйіктер жасауға мүмкіндік беретін әдіс. Бұл үрдіс фотокоагуляция аталады.
Басқа хирургиялық әдіс – виктрэктомия – бұл «әйнек тәрізді» денені жою, ол қан кетуін жоюға және торқабықтың ажырауын тоқтатуға мүмкіндік береді.
Диабеттік ретинопатияның ауыр асқынулары – екінші глаукома, катаракта, торқабықтың ажырауы, гемофтальм («әйнек тәрізді» денеге қан құйылуы), көрудің едәуір төмендеуі, толық көрмей қалу болуы мүмкін. Осы жағдайлардың бәрі қант диабетіне шалдыққан науқастардың эндокринологтың және офтальмологтың ұдайы бақылауында болуын талап етеді.
Диабеттік ретинопатия көрудің төмендеуіне және көрмеуге апаруы мүмкін.
Егер қант диабетіне шалдықсаңыз және келесі симптомдар пайда болса, дәрігерге көріну қажет:
- Жарық көмескі болғанда көруіңіз нашар;
- Көз алдында ақ дақтардың пайда болуын байқайсыз;
- Заттар қос болып көрінуі немесе бұлыңғыр көрінуі;
- Көздегі ауырсыну, бас ауыруымен қосарланған;
- Көрудің өз жағыңызда заттарды көрмейсіз;
- Көзде жүзетін көлеңкені немесе дақтарды көресіз.
Егер сізде қант диабеті болса, жылына бір рет қарашықты кеңейтіп, офтальмоскопия шарасын өту қажет:
- Пролиферативтік ретинопатия симптомсыз дамуы мүмкін. Аурудың осы сатысының өзінде көруді жоғалту ықтималдығы жоғары.
- Сары дақтың ісінуі диабеттік ретинопатияның төрт сатысының кез келгенінде симптомсыз дамуы мүмкін.
- Пролиферативтік ретинопатия және сары дақтың ісінуі бір мезгілде пайда болуы мүмкін, бірақ, науқас көрудің бұзылысын сезінбеуі мүмкін.
- Офтальмолог сары дақтың ісінуін немесе диабеттік ретинопатияның қандай да бір сатысы бар екендігін нақты анықтай алады. Диабеттік ретинопатияның симптомдары болуына тәуелсіз түрде ауруды ерте анықтау және уақытылы емдеу көруді жоғалтудың алдын алуға және өмір сапасын жақсартуға көмектеседі.
Егер диабеттік ретинопатия анықталса, офтальмологта жиірек тексерілу ұсынылады. Бұл аурудан зардап шегетін адамдар уақытылы емдеуді бастап, көрмей қалу қаупін 95 пайызға азайта алады.
диабеттік ретинопатияның ушығуының алдын алуда қандағы қанттың және артериалдық қысымның деңгейлерін дұрыс ұйымдастырылған бақылау, қант пен қысымды азайтатын препараттарды уақытылы қабылдау үлкен роль атқарады.
Торқабықтың профилактикалық лазеркоагуляциясы көз түбіндегі өзгерістердің тоқтауына және кері қайтуына ықпал етеді.