Мазмұны
Дәрігерге көрінуден нені күту қажет
Бастың немесе мойынның аумағындағы жайсыздықты бас ауруы деп атайды. Бас ауруының себебі, көбінесе, күрделі емес. Күнделікті өмір салтын өзгертіп, түрлі релаксация әдістерін үйреніп немесе дәрі препараттарын қабылдап, бас ауруына шалдыққан адамдардың көпшілігі өзін жақсы сезінеді.
Көптеген жағдайда бас ауруы иық белдеуінің, мойынның, шаш түбінің және иектің бұлшық еттерінің ширығуына байланысты. Бас ауруының бұл түрі ширығудан бас ауруы аталады:
- Ол күйзеліспен, депрессиямен, үрейленумен, бастың жарақатымен немесе бас пен мойынның ыңғайсыз орналасуымен байланысты болуы мүмкін.
- Бастың мұндай ауруы екі жақтан да сезіледі. Ол желкеден басталып, алдына қарай таралады. Батып, немесе қысып ауырсынуы мүмкін, иыққа, мойынға немесе иекке таралуы мүмкін.
Сақина тәрізді ауырсыну күшті болуы мүмкін. Ол әдетте, басқа симптомдармен қосарланады, мысалы, дыбысқа немесе жарыққа сезімталдықпен немесе жүрек айнуымен. Сақина кезінде:
- Ауырсыну солқылдауы мүмкін. Ол әдетте, бастың бір жағынан басталып, бастың бүкіл аумағына таралуы мүмкін.
- Аура - бас ауруының алдында пайда болатын белгілердің жиынтығы – орын алуы мүмкін. Ауырсыну әдетте, дене орналасуын өзгерткенде күшейеді.
- Сақина тағамға кейбір өнімдерді: шоколадты, сырдың кейбір түрлерін немесе натрий глутаматын тұтынудан туындауы мүмкін. Сондай-ақ, сақина ұстамасының себебі кофеин, ұйқы қанбауы немесе алкоголь қабылдау болуы мүмкін.
Рикошеттік (жанамалық) бас ауруы – ұдайы қайталануға бейім. Ол көбінесе, ауырсынуды басатын дәрілік препараттарды шамадан тыс көп қабылдаудан жиі пайда болады. Мұндай ауырсыну аталған препараттарды аптасына 3 күннен артық қабылдағанда дамуы мүмкін.
Бас ауруының басқа түрлері:
- Кластерлік бас ауруы – кенеттен болатын, өте күшті ауырсыну, ол бір айдың ішінде күніне бірнеше рет пайда болуы мүмкін. Одан кейін біраз уақытқа тоқтауы мүмкін. Бас ауруы әдетте, бір сағатқа созылады және күн сайын бір уақытта қайталанады.
- Синустық бас ауруы бастың алдыңғы бөлігінде және бетте пайда болады. Ол жақтың, мұрынның және көздің артында орналасқан қуыстың қабынуына байланысты. Ауырсыну таңертең және басты алға еңкейткенде күшейеді.
- Бас ауруы суық тигенде, тұмауда, қызбада немесе етеккір алды синдромында пайда болуы мүмкін.
- Бас ауруы самайлық артерииттің симптомы болуы мүмкін. Бұл қанды бастың самай тұсына және мойынға тасымалдауына жауапты артерияның қабынуы.
Сирек жағдайда бас ауруы келесі ауыр жағдайлардың симптомы болуы мүмкін:
- Ми мен оның бетін жауып тұратын жұқа қабықшаның арасындағы аумақта қан кетуі (субарахноидалдық қан кетуі)
- Жоғары артериалдық қысым
- Мидың инфекциялық аурулары: менингит, энцефалит немесе абсцесс
- Мидың ісігі
- Бас сүйегінің астында сұйықтық жиналуы, бұл мидың ісінуіне апарады (гидроцефалия)
- Бас сүйектің ішіндегі қысымның артуы, бұл псевдотумороздық синдромның пайда болуымен байланысты (ісік емес)
- Иісті газбен улану
- Ұйқы кезіндегі оттегінің жетіспеуі (ұйқы апноэсі)
- Қан тамырларының аурулары: артерия-вена мальформациясы (АВМ), мидың аневризмасы, инсульт және миға қан құйылуы.
Үйде жасауға болатын, бас ауруын басатын шараларды ұсынамыз. Олар көбінесе, сақинаны немесе ширығудан болатын бас ауруы кезінде жарамды. Бұл шараларды аурудың алғашқы симптомдары пайда бола бастағанда орындаңыз.
Сақинаның бірінші симптомдарында:
- Сусыздану болмас үшін суды көбірек ішіңіз, әсіресе, құсу болса.
- Тыныш, қараңғы бөлмеде демалыңыз.
- Басқа салқын компресс қойыңыз.
- Өзіңіз білетін түрлі релаксация техникасын қолданыңыз.
Бас ауруының күнделігін жүргізу оның себебін анықтауға көмектеседі. Бас ауруы пайда болса, күнделікке келесіні жазып қойыңыз:
- Бас ауырған күнді және басталған уақытын
- Соңғы 24 сағат бойы не ішіп, жегеніңізді
- Қанша уақыт ұйқтағаныңызды
- Бас ауруының алдында не істегеніңізді және қайда болғаныңызды
- Бас ауруы қанша уақытқа созылғандығын және не себепті тоқтағандығын.
Күнделікті дәрігерге көрсетіңіз, бұл бас ауруының себебін анықтауда маңызды. Бұл дәрігеріңізбен бірге емдеу жоспарын әзірлеуге көмектеседі. Бұл себептерді білу аурудың алдын алуға мүмкіндік береді.
Егер дәрігер сіздің бас ауруыңыздың түрін емдеу үшін дәрі тағайындаған болса, оны нұсқаулығына сай қабылдаңыз.
Ширығудан болатын бас ауруы кезінде ацетаминофен, аспирин немесе ибупрофен препараттарын қабылдаңыз. Ауырсынуды басатын дәрілерді аптасына 3 күннен артық қабылдайтын болсаңыз, дәрігермен кеңесіңіз.
Бас ауруының кейбір түрлері күрделі аурудың белгісі болуы мүмкін. Келесі жағдайлардың кез келгенінде шұғыл медициналық жәрдемге жүгініңіз:
- Бірінше рет пайда болған бас ауруы, және ол күнделікті тіршілікке кедергі келтіреді.
- Кенеттен пайда болған бас ауруының күшті ұстамасы
- Бас ауруының аталған ұстамасы – ең «нашар» түрі, ұдайы бас ауруынан зардап шегетін болсаңыз да.
- Бас ауруымен қатар сөйлеудің өзгерісі, көрудің бұзылысы, қол мен аяқты қозғай алмау, тепе-теңдікті жоғалту, естің қалыпты болмауы немесе есті жоғалту.
- Бас ауруы соңғы 24 сағат ішінде ушығу үстінде.
- Қызба, желке бұлшық еттерінің сіресуі, жүрек айнуы және құсу болса.
- Бас ауруы бастың жарақатынан кейін пайда болса.
- Бір көздің аумағындағы күшті ауырсыну, көздің қызаруымен қосарланған болса.
- Бас ауруы пайда бола бастағанда, әсіресе, жасыңыз 50-ден асқан болса.
- Бас ауруы көрудегі мәселемен, шайнаудағы ауырсынуымен немесе салмақ жоғалтумен байланыстырылатын болса.
- Бас ауруының жаңа түрі пайда болса, сондай-ақ, отбасында қатерлі ісікпен ауырған жағдайлар болса.
Дәрігерге көрінуден нені күту қажет
Дәрігер аурудың тарихын зерттеп, науқастың басын, көзін, құлағын, мұрнын, тамағын, мойнын және жүйке жүйесін тексереді.
Емдейітн дәрігеріңіз бас ауыруына қатысты көптеген сұрақтарды қояды. Диагноз аурудың симптомдарына байланысты қойылады.
Ауруды анықтау үшін тағайындалады:
- Қан талдауы немесе жұлын пункциясы (инфекция белгілерінде)
- Мидың КТ немесе МРТ, бас ауруымен қатар күрделі симптомдар болса
- Қуыстардың рентгені
- Компьютерлік немесе МР - ангиография
Рикошеттік (жанама) бас аурулары; дәрілік препараттарды шамадан тыс көп қабылдау кезіндегі бас ауруы.