Жүктелуде...
 

Мың құбылған статистика және неліктен мен бұл келеңсіздіктерге қарамастан оптимизм танытып отырмын

Мың құбылған статистика және неліктен мен бұл келеңсіздіктерге қарамастан оптимизм танытып отырмын

translator жұма тамыз 14, 2020


Kovid19 Statistika

«Өтіріктің үш түрі бар: бұл – жай өтірік, арсыз өтірік және статистика» деген нақыл сөз баршамызға мәлім. Статистикаға сәйкес бізде көрсеткіштер жағынан жағдай мәз емес. Статистика мәселелеріндегі ашықтық экономиканы, денсаулық сақтауды, білім беруді және күнделікті өміріміз үшін маңызды нәрсені ұтымды басқаруға мүмкіндік береді.

Өкінішке орай, біз шындыққа сәйкес келе бермейтін статистика мен жалған болжамдар жалпы басқарудағы ретсіздікке әкеліп, онымен қоса, дәріханаларда дәрі-дәрмектердің және ауруханаларда коронавируспен ауырған науқастарға арналған төсек орындарының жетіспеушілігін туындататына көз жеткіздік. 1-ші тамыздан бастап бізге расында қанша адам ауырғанын, соның ішінде статистикамен қоса есептегенде кімде симптомсыз, сонымен қатар ПЦР нәтижесі теріс пневмониямен ауыратындар туралы нақты айтуға уәде берген болатын.

Атақты микробиолог, Нобель сыйлығының лауреаты Джошуа Ледерберг айтқандай, «микроағзалар бізден сан жағынан асып түседі, бірақ біз ақыл-парасаттылықтылығымыздың арқасында аман өмір сүріп келеміз, өкінішке орай ол кейде өзімізге жетіспей де жатады». Белгілі болғандай, вирустардың ақыл-парасаты анағұрлым жетік болып шықты. Олар тіршілік ету үшін өзгереді, мутацияланады, бейімделеді, ал бұл уақытта біздің көпшілігіміз күнделікті әдеттерімізді және көзқарасымызды өзгертуден бас тартып жатқан жайымыз бар.

Бізге үнемі айтып та жатыр: арақашықтықты сақтау, маска тағу керектігі жайлы, үнемі қолды жуып тұру қажеттігі, адамдар көп жиналатын жерлерден, әсіресе жабық орындардан аулақ жүруімізді.

Мұның бәрі не үшін керек деген сұрақ туындаса, жауабы мынадай – «Адамның өмірі – басты құндылық». Ондаған миллион маскалар мен мыңдаған өкпені жасанды желдету аппараттарының құны бір ғана авиалайнердің бағасын құрайды екен.

Осы уақытта ұшақтар да ұшуды тоқтатты, ал біз болсақ қарапайым сақтық шараларын жасауға ерінеміз, тіпті елемейміз де. Бүгіндері әуе жолдары жабық, жылы аймақтарға ұшу мүмкіндігі жоқ. Жансақтау бөліміндегі монитордағы жүрек соғысының толқыны көптеген адамдар үшін теңіз толқындарын алмастырғандай. Көпшілігіне «Маска тағыңыз, әйтпесе сізді өкпені жасанды желдету аппаратына жалғауға тура келеді» деп айтсаң да үрейлене қоймайды.

Солай болса да, мен біздің ақыл-парасаттылығымызға үміт артып, мына пандемиямен күресте үлкен оптимизммен қараймын. Мұны мен былайша түсіндіремін.

Мен иммунологияда шамамен 40 жыл жұмыс істеп келемін және Адамның иммун тапшылығы вирусы (ВИЧ) пандемиясымен күресте көп уақытымды жұмсаған болатынмын, бұл вирус өлімге әкелетін Жұқтырылған иммундық тапшылық синдромын (СПИД) тудырады. СПИД-тің пайда болу себептерін түсіну үшін ғалымдарға бірнеше жыл қажет болды. Бұл вирустың генетикалық құрылымын анықтау он шақты жылға созылды. Ал бізде ВИЧ инфекциясына қарсы вакцина әлі де жоқ.

Салыстаратын болсақ, коронавирусты зерттеудегі ғылыми жетістіктер анағұрлым дамыған. Қазіргі пандемия басталғаннан бірнеше апта ішінде біз лезде «дұшпанымызды» танып білдік. Бұл ғалымдардың қаңтар айының ортасында көпшілікке жариялаған коронавирустың генетикалық құрылымын анықтаудың арқасында мүмкін болды.

Тиімді вакцина алдағы бірнеше айда дайын болады деп айтуға негіз бар. Коронавирусқа қарсы дәрі-дәрмектерді жасауда да айтарлықтай жылжулар жоқ емес. Әрине, бұл мәселердің әлі де болса түсініксіз жерлері бар, бірақ вакциналар мен коронавирусты емдеу турасындағы соңғы жаңалықтар адамды үміттендірмей қоймайды. Менің оптимист болуымның екінші себебі, ВИЧ вирусымен салыстырғанда коронавирустың өміршендігінің едәуір аздығы. ВИЧ-ті жұқтырған науқастар ешқашан одан толықтай арыла алмайды. Ал қазіргі коронавирус адам ағзасында шамамен 3 апта болады. Бұл коронавирусты жұқтырған кез-келген адам орта есеппен алғанда 3 аптада арылады деген сөз. Яғни жағдайды қолға ала аламыз.

Мысалға, Нью-Йоркті алайықшы. Осыдан бір-екі ай бұрын бұл мегаполисте тәулігіне 800 адам қайтыс болып, пандемияның нағыз ошағы болған еді. Қалалық ауруханада орын жеткіліксіз болғандықтан, орталық саябақта шатырлы қалашықтар құрылды. Бүгін Нью-Йоркте коронавирустан өлім-жітім жоқтың қасы. Қауіпті індетке мұндай халық тығыздығы үлкен мегаполис қарсы тұра алған болса, әлемдегі кез-келген қала мен елдің қолынан келеді деп айтуға болады.

Пандемиямен күресте қиындықтардың туындап жатқаны, біздер мұндай залалды індетті бастан өткермедік және де бірде-бір адамда иммундық қорғаныс болған жоқ. Сонымен бірге, вирус мутацияланды, көптеген адамдардың ағзасы бұған дайын болмай шықты. Алғашқы жұқтырғандар мен бәрінен қатты зардап шеккендер – қарттар мен созылмалы аурулармен ауыратындар болды. Аман қалғаны біз үшін белгілі бір қорғанысты – иммундық қабатты қамтамасыз етті.
Ғалымдар мұндай ұжымдық қорғаныс үшін халықтың 40 пайызға жуығы коронавирус инфекциясымен ауырып шықса жеткілікті деп санайды. Егер біз оған болашақтағы жасалатын вакцинаны қосатын болсақ, онда біз оны осы қорғаныс қабатын қалыптастыруға біртіндеп жақындап келе жатқанымызды болжауға болады.

Өкінішке орай, алапат індет арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетті, көптеген жандар өмірмен қоштасты. Осылайша олар біз үшін уақыт ұтып берді, коронавируспен күресте ақыл-паратсатымыздан ажырамай, деректер мен статистикаға шыншыл болуымыз керектігін ескерткендей көрінеді.

Жақында болған бір сұхбат кезінде менің испандық әріптесім, профессор Антонио Саррия-Сантамера егер оған қала орталығындағы үлкен билбордқа бірдеңе жаз деген болса, ол «Вирус әлі қасымызда жүр» деп жазатынын айтқан болатын.

Сондықтан да мен кез келген қоғамдық орындарда маска тағамын, адамдар көп жиналатын жерлерден аулақ жүремін, симптомдар пайда болған жағдайда оқшаулануға тырысамын. Мен сіздерге де осылай істеуге шақырамын. Мұның еш қиындығы жоқ. Сонда ғана барлығымыз жарқын болашақта оптимизммен қарайтын боламыз.


Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры.


Басқа да пайдалы медициналық ақпараттарды anamed.kz сайтынан оқи аласыз.