Жүректе жүрек соғысының ырғағын басқаратын электр жүйесі бар. Жүректе болатын ауытқулардың себебі осы ырғақтың бұзылу салдарынан туындайды. Мұны аритмия деп атайды.

Аритмияның бірнеше түрі бар. Аритмия кезінде жүрек өте жиі немесе өте баяу соғады, немесе жүрек мүлдем соқпай қалады. Кенеттен болатын жүрек тоқтаулары да осы аритмияның салдарынан болады. Жүректің тоқтауы мен жүрек ұстамасы бір-бірінен айырмашылығы бар, ұстама кезінде қан ағымы тежеледі, ал жүрек соғысы тоқтамайды.
Жүректің кенеттен тоқтауының көптеген себептері бар. Себептеріне жүрек-қантамыр аурулары, физикалық күйзеліс, сондай-ақ туа біткен аурулардың кейбір түрлері жатады. Кейде дәрігерлер жүрек тоқтауының себептерін тіпті анықтай да алмай жатады.

Бұл жағдай орын алғанда дереу медициналық көмек көрсетілмесе, адам бірнеше минут ішінде өліп кетуі мүмкін. Егер науқастар жүрек дефибрилляциясын өткізсе, кейбір жағдайларда өлім аузынан аман сақталып қалуына мүмкіндік туар еді. Дефибрилляция - электрлік белсенділікті қалпына келтіру үшін жүрек бұлшықетіне электрлік импульспен әсер ету әдісі. Дефибрилляцияға дейін, жүрегі тоқтап қалған адамға жүрек-өкпе реанимациясын жасау керек, содан кейін ғана дефибрилляторды қолданған абзал.

Егер сіздің жүрегіңіз бұрын кенеттен тоқтаған болса, мынаны ескеріңіз! Имплантацияланған дефибриллятор арқылы қайталанған жүрек тоқтауынан адамның қыршынынан қиылып кетуінің алдын алуға болады.

Тегтер:
Жүрек тоқтауы
Кенеттен жүрек тоқтауы
Жүрек-қантамыр жүйесі